Облыстық полиция департаментінің жедел-криминалистикалық басқармасында иістер базасы жинақталған. Жедел-криминалистикалық басқарманың бастығы, полиция полковнигі Игорь Семеновтің айтуынша, бұл жерде төрт мыңнан астам иіс сақталған. Түрлі иістерді зерттейтін ғылым – одорология деп аталады. Оның медициналық, психологиялық, криминалистикалық бағыттары бар. Полицейлер негізінен соңғы түрімен жұмыс істейді.
Облысымызда иістер базасы 2009 жылдың басында құрылды. Иістерді сақтау қоры құрылғаннан бері ол түрлі қылмыстарды ашуға пайдаланылды. Нақтырақ айтсақ 197 зерттеу жүргізілді. Бүгінде жедел-криминалистикалық басқармада иісшіл иттердің қатары күшіктермен толығуына байланысты, бұл зерттеулер уақытша өткізілмейді. Бұрынғы детектор иттер Голда мен Росси қартаюына байланысты бұл жұмыста қолданылмайды. Сондықтан қазіргі уақытта одорологиялық зертхананың базасында арнайы иттер – екі жасар орыс спаниелі Дэйзи және үш жасар неміс овчаркасы Альфа үйретілуде. Иттерді криминалист, полиция капитаны Талғат Мусипов пен кинологиялық қызмет орталығының кіші инспектор-кинологі, полиция кіші сержанты Николай Железнов үйретеді. Олар былтыр Алматы қаласындағы кинологиялық қызмет орталығында тағылымдамадан өтті. Иттер қабілеттерін көрсетіп, дағдыларын іс жүзінде қолдануға үйренсе, олар бірден тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде биодетекторлар ретінде пайдаланыла бастайды.
Жыл басынан бері облыста арнайы және із алушы иттер 489 рет, оның ішінде есірткі қылмысы бойынша 163 рет қолданылды. Соның нәтижесінде төрт аяқты көмекшілер 323 килограмнан астам түрлі есірткі заттарын анықтады. Сондай-ақ, иттердің көмегімен облыс полицейлері жыл басынан 18 тонау мен 354 ұрлықты ашты.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.