Бокстан төрт салмақта әлем чемпионы Сауль “Канело” Альварес (53-1-2, 36 КО) өзінің промоутері Оскар Де Ла Хойяны және “DAZN” стриминг қызметін сотқа берді. Кәсіпқой боксшы шығынды 280 миллион АҚШ долларына бағалап отыр.
Боксшы оларды 2020 жылы бірде-бір жекпе-жек өткізбегені үшін жауапты деп санайды. Коронавирусқа байланысты платформа келісімшартта әр жекпе-жек үшін белгіленген 35 миллион долларды төлеуден бас тартқаннан кейін “Канело” сотқа жүгіну туралы шешім қабылдады. Кәсіпқой боксшы 25 беттен тұратын арызында “DAZN” басшыларын және “Golden Boy Promotions” компаниясының жетекшісі Оскар де ла Хойяны 2018 жылы 365 миллион долларлық келісімшартты да бұзды деп айыптауда. Бұл таяқтың бір ұшы “Golden Boy” компаниясына да тиіп отыр. Промоутерлік компания платформаға Альварес пен қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин арасында үшінші жекпе-жекке уәде берген. Ал бұл туралы “Канелоға” ескертілмеген екен. Алайда, Альваресте стримингтік платформамен тікелей келісімшарты жоқ екен. Келісім “Golden Boy Promotions” компаниясымен жасалған.
Айыпталушы тарапта “Канело”-ның шағымына жауап беру үшін 30 күн уақыт бар.