Өңірде коронавирус жұқтырғандардың артуына байланысты үш аудан орталығында карантиндік шектеулер енгізілді.
Соңғы екі аптада Мағжан Жұмабаев ауданында коронавирустық инфекцияның 24 жағдайы тіркелді. Облыс әкімі жанындағы аумақтық комиссия отырысының хаттамасына сәйкес коронавирустық кеселді жұқтырудың 3-5 және одан да көп фактілері тіркелген жағдайда ауылдық елді мекендерде, 7 және одан да көп жұқтыру оқиғалары орын алса, аудан орталықтарында карантин режімі енгізіледі.
Мағжан Жұмабаев ауданы әкімдігі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысының хаттамасы негізінде “Булаево қаласының аумағында шектеу іс-шараларын енгізу туралы” ауданның бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы қабылданды. Осы қаулы негізінде 2020 жылдың 9 қазанынан бастап мемлекеттік органдар, әкімдіктер, құқық қорғау органдары, медициналық мекемелер, қоғамдық тамақтандыру нысандары, БАҚ, жерлеу рәсімдер қызметі, азық-түлік, құрылыс материалдары, авто және ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін сататын сауда орындарынан басқа барлық кәсіпорындар мен ұйымдар жұмысын тоқтатты.
Булаево қаласына кіру-шығу орындарында “COVID-19” коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында транзиттік жүк автокөлігін, сондай-ақ, тұрғындардың мұқтаждықтары үшін азық-түлік, ауыл шаруашылығы және өзге де тауарлары бар жүк автокөлігін, медициналық көрсеткіштер бойынша кіру-шығуды қоспағанда, тыйым салуды бақылау үшін 4 полиция бекеті орнатылды.
Булаево қаласы тұрғындарының пәтерлерден шығуы сағат 22.00-ден 6.00-ге дейін шектеледі. Оларға жұмысқа және медициналық мекемеге, жақын маңдағы дүкенге, дәріханаға баруға, қоқыс шығаруға ғана рұқсат етіледі. Көршілерінің, туған-туыстарының, дос-таныстарының үйіне баруға тыйым салынады. Кешкі сағат 19.00-ден кейін кәмелетке толмағандардың ересектердің қарауынсыз жүруіне шектеу қойылады. 65 жастан асқандар өз-өзін оқшаулау режімін қатаң ұстануы тиіс. Респираторлық инфекциялардың белгілері пайда болған жағдайда бірден 103 нөмірі арқылы дәрігер шақырту керек.
Коронавирус індетіне шалдыққандар қатарының көбеюіне орай Мамлютка қаласы мен Явленка ауылында да карантиндік шектеулер енгізілді.
Екатерина БЕЛОУСОВА,
тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы.