«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КАРАНТИН КЕДЕРГІ ЕМЕС

Коронавирус індеті экономиканың барлық саласына өз зардабын тигізгені анық. Осындай қиындыққа қарамастан, өңіріміздің 600-ге жуық тұрғынына жеке ісін бастауға көмек көрсетіліп, қайтарымсыз грант берілген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Бүгінгі таңда облысымызда шағын және орта кәсіпкерлік өкілдеріне мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Рахымбек Зейнуллин жыл басынан бері жоба аясында кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, жеке ісін бастауға ниетті адамдардың қатары қалың болғанына екпін берді. Биыл “Бастау” жобасы аясында онлайн өткен курстарға 950-ге жуық адам қатысқан.

– Пандемияға байланысты жеке іс бастауға ниетті азаматтарға арналған курстарды онлайн форматта өткізуімізге тура келді. Қатысушылар салық, қаржы, маркетинг және өзге де бағыттар бойынша 50-ден астам сабақ пен 12 модуль бойынша дәріс тыңдады. Нәтижесінде 577 солтүстікқазақстандыққа 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грант берілді. Яғни, бизнес-жобасы қазылар алқасының көңілінен шыққандардың әрқайсысы 530 мың теңгеге қол жеткізді. Тағы 146 тұрғын “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның облыстық филиалынан 6 пайыздық үстемеақымен жеңілдетілген несие рәсімдеу мүмкіндігіне ие болды, – дейді Рахымбек Сайранұлы.

Өз ісін бастауға мемлекеттен қаржылай көмек алғандардың 55,8 пайызы – ауыл шаруашылығы, 44,2 пайызы қызмет көрсету саласын таңдаған. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі ірі қара мен жылқы шаруашылығына қатысты жобаларды қолға алуда. Ауылды жерде азық-түлік өнімдерін шығаратын цехтар, әсемдік салондары мен өндіріс ашуға ниеттеніп отырғандар да бар. Ал қалалықтар асхана, фото және бейнетаспаға түсіру ісімен айналысқанды жөн санауда. Жыл басынан бері “Бизнес мектеп” жобасы аясында 260-қа жуық адам тегін білім алса, қазіргі уақытта шетелде тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін “Іскерлік қатынастар” жобасына өтінімдер қабылдануда. Әзірге екі жерлесіміз бұл мүмкіндікті пайдалануға ниет танытып отыр.

– Соңғы он жылдың ішінде “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында облысымызда 800-ден астам жоба жүзеге асырылды. Жыл басынан бері бағдарлама аясында 140 бизнес-жоспар иесіне 6 пайыздық үстемеақымен 20 млрд. теңгенің несиесі берілді. Біздің қор аталмыш бағдарлама аясында кәсіпкерлерге екі түрлі қолдау көрсетеді. Біріншіден, кәсіпкерге банктен 14 пайыздық мөлшерлемемен ресімделген несиенің бір бөлігін субсидиялаймыз. Бұдан бөлек, 107 жобаның иесіне 7,5 млрд. теңгенің кепілдемесі берілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті жақсарта түсуді жоспарлап отырмыз, – деді Мұратбек Сердалинов.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp