Өзіміздің өңірде өсіріліп, екінші нанымызға баланып жүрген картоптың килограмы 120-140 теңгеден сатылуда. Картоп бағасы дәл осындай деңгейге көтеріліп көрген жоқ. Ол қазір оңтүстік өңірлерден жеткізіліп жатқан биылғы жылдың сәбіз және қырыққабат сияқты жас көкөніс өнімдерінің бағасынан да асып түсті. Енді бірер аптадан соң сауда жаймаларына түсе бастайтын жас картоптың бағасы қалай болар екен деген ой мазалайды көпшілікті.
Картоп бағасының бұлай шарықтауына ана жылдары біршама жақсы нәтиже берген тұрақтандыру қорын жасау мәселесінің сиырқұйымшақтанып кеткені себеп болып отырған сыңайлы. Қаладағы “Шапағат” сауда нүктелерінің желісі жұмысын тоқтатып, бірінші қажеттіліктегі тауарлардың бағасын тұрақтандыру жұмысының аяқсырап кеткеніне де бірер жыл болды. Жалғыз 0,6 килограмдық бірінші сұрыпты нан бағасын ұстап тұрған бидай астығының ғана тұрақтандыру қоры бар. Бір сөзбен айтқанда, күзде қайда қоярымызды білмейтін мол картоп өнімін сақтайтын орнымыздың тапшылығынан және оған құлықсыздығымыздың кесірінен тұрақтандыру қорын жасай алмай, қымбатшылыққа ұрынып отырған жайымыз бар.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.