Өткен демалыс күндері құтқарушылар Есіл өзенінің бойында кезекті рейд ұйымдастырды. Бұл шараның басты мақсаты – күз мезгілінде төтенше жағдайларды болдырмау.
Құтқарушылар балықшылармен әңгіме жүргізіп, жүзу құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін тағы бір еске салды. Әсіресе, су бетіне шығар алдында қайықтың бүтіндігін тексеріп, ескектердің жарамдылығына көз жеткізу қажет екендігіне баса назар аударылды. Сонымен қатар қайықта міндетті түрде құтқару шеңбері, кеудеше, су төгетін ыдыстың болуы керектігі жайында да айтылды. Рейд барысында құтқарушылар күз мезгіліндегі қауіп-қатер жайлы да әңгімеледі.
«Жүзу білмейтін адамдарға қайықта отырып балық аулауға тыйым салынған. Күз мезгілінде су салқын. Алда-жалда қайық аударылып, балықшы суға құлайтын болса, аман қалуы екіталай. Сондықтан әрбір балықшы міндетті түрде қауіпсіздік ережелерін естен шығармағаны дұрыс», – деп түсіндірді құтқарушылар.