«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕЛЕШЕГІНЕ ҚАНАТ БІТІРУ — МІНДЕТІМІЗ

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жас өскінге, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалардың лайықты білім алып, оларды сауықтыру жолында пәрменді шараларды жүргізуді тапсырған болатын. Елбасының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде ата-аналар балаларын үйден оқытқаннан гөрі түзету мекемелеріне әкелуге ұмтылуда. Көпшілік ортаға келгеннен кейін олардың өмірге деген ынтасының артуы мүмкін. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі балалардың тәрбиесі тасада қалмай, оларды тағдырдың тәлкегінен құтқару, жанына жылылық, жүрегіне шуақ, келешегіне қанат бітіру – адамзаттың парызы болып табылмақ.

Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі балалардың көбейіп кеткені жаңалық емес. Оның ішінде күрделі кемістігі бар балалар көбеюде. Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы мекемелердің барлық түрлері бар. Олардың ішінде арнайы балабақшалар, арнайы мектеп-интернаттар, оңалту орталықтары, педагогикалық-психологиялық түзету кабинеттері (ППТК), логопед кабинеттері, түзету орталықтары және тағы басқалары бар. Барлық арнайы мекемелердің мақсаты мүмкіндігі шектеулі балаларға педагогикалық, психологиялық, медициналық және әлеуметтік қолдау жасау, олардың кемістіктерін түзету, қоғамға бейімдеу және оңалту, кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүзеге асыру болып табылады. Осы орайда елімізде “Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық коррекциялық қолдау көрсету туралы” Заң қабылданып, республикамызда арнайы оқыту жүйесіне жол салынды. Осыған байланысты 2005 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы аудан алғашқылардың бірі болып “Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін” ашты. Бүгінде өңіріміз бойынша 11 түзету кабинеті бар. 2011 жылы сол кезде аудан әкімі болған Марат Тасмағанбетовтің қолдауымен, жеке ғимарат беріліп, үлкен көмек көрсетілді. Осының арқасында балалардың сапалы психологиялық-педагогикалық көмек алуына жағдай жасалды. Әр баланың дамуындағы проблемаларын мамандардың командалық бағалауы арқылы кешенді зерделеу және оның медициналық, психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік көмекке деген мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін анықтау арқылы жүргізіледі. Жыл бойы оқу-тәрбие үдерісі – баланы психологиялық-медициналық-педагогикалық және клиникалық зерттеуге негізделген. Түзету кабинеті мектептерде және балабақшаларда мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасайтын педагогтер мен тәрбиешілерге әдістемелік психологиялық-педагогикалық және түзету жұмыстары бойынша, сонымен қатар, ата-аналарға, дәрігерлерге өсіп-есеюінде жеңіл-желпі ауытқушылықтары мен мінез-құлқында жөнсіздіктері бар, сонымен қатар, арнайы коррекциялық-педагогикалық мекемелеріне жолдама беруге жатпайтын балаларды емдеп, тәрбиелеу және оқыту мәселелеріне байланысты консультативтік көмек көрсетеді. Балалар мен жасөспірімдердің өсіп-дамуындағы ерекшеліктерді анықтап, диагноз қоюдың және оқытудың, тәрбиелеудің, еңбекке араластырудың барлық жағдайларын анықтау мақсатында олардың психологиялық-медициналық-педагогикалық тексеруден өтуіне кеңес береді және арнайы көмекке мұқтаж, түрлі санаттағы ауытқушылығы бар балаларды дер кезінде анықтау мақсатында білім беру, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау органдарымен, қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеу барысында 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерді тізімге алып, оларды психологиялық-медициналық-педагогикалық тексеруден өткізеді.

Тіл кемістігі бар, көру, есту қызметтері бұзылған балаларға, қимыл қозғалысы бұзылған балаларға және оқуда, өзара қарым-қатынаста, тәртібі бұзылған балалар мен жасөспірімдерде психологиялық-педагогикалық түзету және оңалту жұмыстары жүргізіледі. Осындай мүмкіндігі шектеулі балаларға дефектолог, логопед, әлеуметтік педагог, психолог және емдік дене шынықтыру қызметкерлері кешенді түрде көмек көрсетеді. Бұл үшін мұғалімдер арнайы бағдарламаны басшылыққа ала отыра, жұмыс істейді. Кабинеттегі түзету жұмыстары балаларды облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңесі мекемесінің берген қорытынды тұжырымдамасы негізінде жүргізіледі.

Облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес баланың даму деңгейлерін негізге ала отырып, онымен қандай мамандар жұмыс істейтінін нақтылап, жалпы қорытынды жасағаннан кейін түзету кабинетіне немесе мектепте, балабақшада логопед, психологтер болса, соларға жібереді. Аталған кеңес дәрігерлері белгілеген кесте бойынша мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерді түзету сабақтарына қабылдаймыз.

Облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес ай сайын балалардың денсаулығына диагностика жасап, кеңестер береді. Кеңес болатын уақыт алдын ала ауданымыздағы мектептерге хабарланады. Мектептер кеңестен өткізу керек деген балалардың тізімін жібереді. Сол тізім бойынша балалар ПМПК-ның сараптамасынан өткізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Жолдауында “Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлуді, олар үшін Қазақстан кедергісіз аумаққа айналуы тиіс, ондай адамдарға қамқорлық көрсетілу тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз”, – деп атап көрсетті. Сондықтан да біз болашақ ұрпағымызды тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп келеміз. Елбасының осы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауын қолдай отырып, арнайы мамандарға жүктелген міндеттерді орындау басты парызымыз деп санаймыз.

Үстіміздегі оқу жылында 100-ге жуық мүмкіндігі шектеулі бала түзету кабинетіне келіп, емдік шараларын алып жүр. Кабинетіміздің штаттық құрамы толық. Педагогтеріміздің барлығында арнайы жоғары білімдері бар. Бір сөзбен айтқанда, олар – өз істерінің мамандары. Әр оқу жылының басында психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде “ППТК жағдайында мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсету” тақырыбында облыстық семинарлар өткізіледі. Семинар барысында мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту-тәрбиелеуде психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің тәжірибесі мол мамандары және облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес қызметкерлері бір-бірімен тәжірибе алмасады. Сондай-ақ, кабинеттер оқу-тәрбие үдерісіндегі ізденістерін шыңдап, атқарып жатқан жұмыстарын ортаға салады, талқылайды, бағалайды, әдістемелік көмек көрсетеді. Жас педагогтеріміз мектепке дейінгі ұйымдар мен даярлық топтарының тәрбиешілеріне өз білгендерін көрсетіп, тәжірибелерімен таныстырып отырады. Мәселен, өткен оқу жылында “Айгөлек” балабақшасында логопед пен дефегтологтер ұйымдастырған “Көңілді тілмен дұрыс дыбыстауға және сөйлеуге үйренеміз” семинары өтті. Семинарға қатысқан педагогтер ойларын ашық айтып, өздеріне қажетті мағлұматтарды алып, жақсы әсермен тарқасты.

“Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатса, оның мұғалімділігі де жоғалады”, – деп К.Ушинский айтқандай, біздің мамандардың кәсіби біліктілігін арттыратын бірден-бір орын – ол қалалық педагогикалық оқулар. Кабинет мамандары ғылыми теориялық білімдерін жетілдіріп, біліктілікті арттыру мақсатында қалалық педагогикалық оқуларға жүйелі түрде барады. Шығармашылық тақырыптар бойынша жиған-терген білімдерін ортаға салып, өзге аудандардағы кабинет педагогтерімен әдістемелік тәжірибесімен алмасып отырады.

Мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірге, ұлттық өнерге деген құштарлығын арттыру мақсатында жыл сайын республикалық “Жұлдыз-ай” фестивалі мен “Аяулы алақан” атты акцияны ұйымдастыру игі дәстүрге айналған. Мүмкіндігі шектеулі балалар аудандық, облыстық және республикалық деңгейде өткізілетін осындай фестивальдарға қатысып тұрады. Біз олардың қоғамдық өмірге бейімделіп қана қоймай, осындай мәдени шараларға қатысып, бойына біткен дарынын жетілдіруі үшін барлық жағдайды жасап отырмыз.

Міне, осындай жұмыстарды атқарып отырған психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті оңалту түріндегі кешенді көмек көрсетуін одан әрі өрістете бермек. Себебі, бүгінгі ұрпақ ертеңгі болашағымыз десек, келешегіміздің, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың жетіліп өсуі аса маңызды болмақ.

Айгүл КИРЕЕВА,

Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық “Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің меңгерушісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp