
Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өткен мерекелік шараның шымылдығы өңірдің осы күнге дейінгі тарихынан сыр шертетін көрмемен түріліп, облыс әкімі Ерік Сұлтановтың құттықтауымен жалғасты.
– Өңір халқы қос мерекені айтарлықтай жетістіктермен қарсы алуда. Бүкіл елімізбен бірге біздің Солтүстік Қазақстан облысы да серпінді дамып келеді. Өңіріміздің ел аумағының төрт пайызын ғана алып жатқандығына қарамастан, біз республикада өсірілетін жоғары сапалы бидайдың үштен біріне дейінін өндіреміз. Диқандарымыздың маңдай тері мен еселі еңбегінің арқасында біз жыл сайын Мемлекет басшысы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “еліміздің басты астықты өлкесі” деген жоғары бағасына лайық екенімізді дәлелдеудеміз. Үстіміздегі жылы өңір диқандары 5 млн. 768 мың тонна астық жинады, – деді өңір басшысы Ерік Хамзаұлы.
Астығымен ажарлы Қызылжар өңірінің өнеркәсіп, бизнес және индустрия саласында жеткен жетістіктері мол. Көліктік-логистикалық ресурстарға бай облыстың мүмкіншілігі де зор. Мемлекет басшысының өңіраралық байланысты дамыту тапсырмасына сәйкес түгін тартсаң майы шығатын құнарлы жерге ие Қызылжар өңірі республиканың бірқатар облыстарымен табысты ынтымақтастық орнатты. Тұрғын үй құрылысы серпінді дамып, шағын және орта бизнес үшін қолайлы жағдай жасалған. Әлеуметтік мәселелерді шешіп, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениетті дамыту бойынша кешенді жұмыстар қолға алынып, жоғары деңгейде жүзеге асырылуда.
Ал бұл жетістіктердің іргетасы, сексен жыл бұрын қаланғанын ұмыту мүмкін бе?! Осы орайда өңіріміздің дамуына сүбелі үлестерін қосқан азаматтардың есімдері атаусыз қалмады. Бүгінгі таңда еңбек майталмандары салған соқпақ жолмен тәуелсіз Қазақстанды дамытып, өңіріміздің өркендеуіне атсалысып жүрген азаматтар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. Қазір өңіріміздің әлеуеті артып, экономикасы қарыштап дами түскенін айқын сезініп отырмыз.
Осыны тілге тиек еткен еңбек ардагері, Петропавл қаласының құрметті азаматы Александр Липовой қуатты өңірді аяғынан нық тұрғызған алдыңғы толқынның қажырлы еңбегіне тоқталып, оларға алғыс арнады, облыстың бүгінін кемел қылатын облыс басшылығына игі тілегін жеткізді.
Ал облыстың құрметті азаматы, “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының міндетін атқарушы – бас редактор Жарасбай Сүлейменов тәуелсіздік жылдарында өңірімізде орын алған оң өзгерістерге тоқталды. Әсіресе, қазақ тілінің көкжиегін кеңейтетін мемлекеттік тілдегі мектептердің санының артуы көңілге сенім ұялатқан. Ал сөзі мен ісі ұштасқан облыс әкімінің іскерлігінің арқасында аудандарда үш ауысымда сабақ беріп келген білім мекемелерінің жойылуы, шетелден келген отандастарымыздың құтты мекеніне айналған Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылында жаңа әрі жарық заманауи орта мектептің ашылуы өңірдің өміріне әр бергені сөзсіз. Жас буын үшін осындай жақсылықтар жасалып жатқан өңірдің болашағына жауапкершілікпен қарауға уәде берген жалынды ұрпақтың көкейіндегі ойын М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті Татьяна Александрова жеткізді.
Бүгінде жері жәннат өңірдің ісі өркендеген, елі көркейіп, ауылы абаттандырылып, халқы табыстың дәмін татуда. Осының барлығы салтанатты шараны ән-биімен кестелеген концерттік бағдарламада айшықталғандай болды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.