Петропавл қаласындағы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия – интернаттың түлегі Айнұр Серік 31-ші телеарнаға берген жалған ақпараты үшін кешірім сұрады, деп хабарлады Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық порталы.
“2014 жылғы ҰБТ тапсырмаларының барлығы мектеп бағдарламасына сай сұрақтар. Барлық сұрақтардың дұрыс жауабы бар болды және дұрыс құрылмаған сұрақтар мүлдем болған жоқ”, – деп жазған Айнұр өз хатында.
Естеріңізге салайық, петропавлдық талапкер Айнұр Серік ҰБТ сұрақтарының ішінде сыра зауыты туралы сұрақтың кездескенін телеарна арқылы айтып, бүкіл елді шулатқан еді.
Кейін бұл сұрақты тілшілер Сәрінжіповтың өзіне қойған болатын. Бірақ БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиев баспасөз мәжілісінде 2014 жылғы ҰБТ-да сыра зауыты туралы сұрақ болған жоқ деп мәлімдеді. Тіпті, Айнұрдың Қазақстан тарихынан тапсырған тест сұрақтарын әкеліп, журналистерге көрсетті. Расында да ондай сұрақ жоқ болып шықты.
Қазақстанда 2014 жылғы ҰБТ-ға 92 мыңнан аса мектеп түлектері қатысты. Олардың төртеуі ең жоғары – 125 балл жинады.
ҚазАқпарат.