Жиын үлгілі тәртібімен, үздік оқуымен көзге түскен жеткіншектерді республикалық бірыңғай “Жас Ұлан” балалар мен жасөспірімдер ұйымына мүшелікке қабылдау салтанатымен басталды.
Еліміз егемендік алған ширек ғасырда қай салада болсын ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар. Облысымыздың білім беру саласы да Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы және дамуымен тығыз байланыста қарышты қадам жасап келеді.
– Әсіресе, ауылдық мектептерге ерекше назар аударылуда. Оған егемендіктің ширек ғасырында облысымызда пайдалануға берілген 27 мектептің 22-сі ауылдық жерлерде ашылуы, 22 мектеп-лицей мен гимназияның тең жартысының ауылдарда орналасуы дәлел, – деді жиынды жүргізген облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова.
Аққайың ауданының Власовка ауылындағы орта мектептің директоры Анатолий Заруцкий өзі басқаратын білім ошағының тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін алға тартты. Аудан түлектері соңғы сегіз жылда Ұлттық бірыңғай тестілеуден үнемі жоғары нәтижеге жетіп жүр. Оқушылардың бойына білім мен тәрбие қатар сіңіріледі. Оқушылар отансүйгіштікке, еңбексүйгіштікке, саламатты өмір салтына тәрбиеленеді. Түлектердің 50 пайызы мұғалім, инженер, дәрігер сияқты ауылда сұранысқа ие мамандықтарды игеріп, ұшқан ұяларына қайта оралуы жүйелі жұмыстың нәтижесі болып табылады.
– Тәуелсіздік еліміздің ең үлкен бақыты, бары, бағы. Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары білім беру саласы қиын кезеңді басынан өткергенінің, бүгінде білім жүйесінің оң өзгерістері, жаңалықтары мен жеткен жетістіктерінің куәсіміз. Заманауи білім ордалары, мемлекеттік тілде дәріс беретін мектептер мен балабақшаларды қазір мақтанышпен айта аламыз, – деген ардагер ұстаз Әдия Ысқаққызы Ахметова қалада ашылған алғашқы қазақ сыныбының тарихына тоқталды. Петропавл қаласындағы орыс тілінде білім беретін №3 орта мектепте қазақ тілінде ашылған 1-сыныптың 15 баласына алғаш Шарғия Мұқышева ұстаздық етті. Бүгінде облыс мектептерінің 131-і мемлекеттік тілде білім береді. Шаһарымыздағы қазақ мектептеріне бала сыймай жатыр. Білім сапасы да жоғарылап келеді. Осының барлығы Тәуелсіздіктің тартуы, – деді ол.
“Ардагерлер білім сапасы үшін” қоғамдық бірлестігінің төрайымы, педагогикалық еңбек ардагері Раиса Полищук “Инновациялық мектептер: білім беру табыстылығының негізгі аспектісі” тақырыбында ой толғаса, Тәуелсіздік қасиетті ұғым екенін сөз еткен облыстық есту кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернаттың директоры Жангелді Тәжин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Мәңгілік Ел” ұлттық идеясы елді біріктіруші күшке, ұлттық идеологияға айналғанын алға тартып, соның негізінде болашақ қазақстандықтарды тәрбиелеудің маңызына тоқталды.
Ашылғанына бір жылдан сәл ғана асқан облыстағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Нұрғали Елшібеков өңіріміздің әр ауданынан жиналған 600-ден астам бала әлемнің озық технологиялары бойынша білім алып жатқанын тілге тиек етті. “Біздің мектептің мүмкіндіктері өңірдің барлық білім ошақтарына қолжетімді. Олар каникул кезінде бізге келіп, тәжірибе алмасуына болады. Білім ошағының ұстаздары өңір мұғалімдеріне тәжірибелік көмек көрсетіп, оқытудың озық үлгісін таратады”, – деді Нұрғали Елшібеков.
Соңғы екі жылда мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде шағын және орта бизнес субъектілерінің қатысуымен екі мыңнан астам жаңа орын ашылған. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік өзінің әлеуетін көрсетуде. Өз бизнесін балабақша ашудан бастаған “Ашық аспан” жекеменшік балабақшасының директоры Нина Мацкевич қаламыздың әлеуметтік мәселесін шешуге қосқан үлесі жайында баяндаса, гуманитарлық-техникалық колледж директоры Александр Мерк кәсіптік-техникалық білім беру саласының жетістіктерін алға тартты. “Елбасы жұмыссыздардың санын азайту үшін кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде оқушылардың тегін оқуына жағдай жасап отыр. Біз сол мүмкіндікті пайдаланып, жұмысшы мамандарды даярлауымыз керек. Тәжірибе мен теорияны байланыстыруда дуалдық оқыту тиімді”, – деді ол.
Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан білім саласы қызметкерлерін оның орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтап, Тәуелсіздік жылдарында өңіріміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани дамуына үлес қосқан ұстаздар қауымына алғысын білдірді. “Тәуелсіздік жылдарында білім беру үдерісінің нормативтік-құқықтық базасы құрылды. Жекеменшік ұйымдармен қарым-қатынас орнатылды. Орта және шағын бизнес өкілдері білім саласын қызу қолдап, көмек көрсетуде. Үш ауысымда оқыту мен апатты жағдайдағы мектептер мәселесі түбегейлі шешілді. Оқу-тәрбие жұмысын жүргізуге жасалған жағдайлардың нәтижесінде Тәуелсіз мемлекетіміздің қуатын одан әрі арттыратын ұтқыр, сындарлы ойлайтын жастар өсіп келеді”, – деген Анархан Қалиқызы білім саласына еңбегі сіңген 28 үздік ұстазды облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты үш ұстазға тапсырылды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Айыртау ауыл шаруашылығы колледжінің директоры Сайлау Жанаев Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің “Ы.Алтынсарин” төсбелгісімен, Петропавл темір жол көлігі колледжінің оқытушысы Борис Шипулин “Еңбек ардагері” медалімен марапатталды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.