Шал ақын ауданындағы Қаратал орта мектебі – облысымыздағы ғимарат тарлығынан қиындық көріп келе жатқан екі-үш мектептің бірі. Биылғы оқу жылында мұнда 86 бала оқытылды. Бір кездері өзінің бөлімшесі болып саналған бұл ауылға Ы.Ыбыраев атындағы кеңшар 60 оқушыға арналған бірқабатты ғимаратты шаруашылық әдісімен 1975 жылы тұрғызған болатын. Онда шаруашылықтың орталық қонысында үшқабатты зәулім мектеп пен жүз орындық интернат үйі болғандықтан, бөлімшедегі сегізжылдық мектепке осындай шағын ғимаратты лайық көрсе керек. Ол кезде жүзге тарта ғана үйі бар Қаратал ауылы қазірде өсе түсіп, түтін саны 140-қа жуықтап қалды.
Мектеп қонысжайының тарлығы ондағы білім беру жұмыстарына қиындық келтіруде. Ауылда аздап болса да орыстілді отбасылары болғандықтан, сабақ екі тілде оқытылады. Оның өзі де сынып сандарын көбейтіп, кабинеттер тапшылығын күшейте түсері анық. Сондықтан, бала саны аз кейбір сыныптарды қосып оқытпайынша да болмайтын көрінеді. Айталық, қосып оқылатын сыныптар бастауышта екеу, атап айтқанда, 1 және 3, 2 және 4-сыныптары биыл қосып оқытылыпты. Сол сияқты, орта буын сыныптарынан 5 пен 8-сыныптар қосып оқытылады.
Мектеп директоры Зайнола Жаманғалиевтің айтуынша, барлығы бастауыш буында – 25, орта буында – 38 және жоғары буында 23 бала оқиды. Биыл мектеп жанындағы шағын орталықта 19 бала тәрбиеленіп, 11 бала дайындық бөлімінде дәріс алды.
– Екінші ауысымда бастауыш буынның балалары ғана оқиды. Барлығы 25 бала болғанымен, сыныптағы балалар санының аздығына және қос тілде бөліп оқытылуына байланысты олардың өзіне кемінде 4-5 кабинет қажет. Екінші ауысымда сабақ сағат 2.30-да басталады, бірақ негізгі пән кабинеттері сағат 4-тен кейін ғана босайтындықтан, ол оқушыларға да, олардың ата-аналарына да қолайсыз. Оқу-тәрбие жұмысындағы қиындықтарды тізіп айтар болсам, олар шаш-етектен. Мысалы, мектебімізде 18 оқу сыныбы болса, сынып бөлмелерінің саны – 11 ғана. Дене шынықтыру, акт залдары жоқ. Сондықтан, түрлі жаттығулар мен үйірмелер өткізу мүмкіндігі бола бермейді. Оларды былай қойғанда, ҰБТ-ға және емтиханға дайындық орындары жоқ, – дейді Зайнола Нұрымұлы.
Зайнола Жаманғалиев аудандағы Қаратал орта мектебінің өткен жылғы ҰБТ-дегі 65,4 балдық көрсеткішінің көңілінен шықпайтынын өзі де жасырмайды. Биыл оны 75 балға жеткізуге күш салуда. Өз сараптауы бойынша мектеп үлгерімі жақсы, 98,8 пайызды құрайды, соның ішінде жақсы үлгерімдегілер 46 пайыз және 4 оқушы үздік үлгерімге қол жеткізді.
Алайда, мектеп басшысының басты назарындағы мәселе жоғарыда айтылған қиындық болып тұр. Олардың жалпы оқу-тәрбие жұмыстарына әсері тиетіні сөзсіз. Сондықтан, шама-шарқы жеткенінше жағдайды түзетуге тырысуда. Ауылға таяу жылдардың ішінде жаңа мектеп тұрғыза қоярлықтай ештеңе байқала қоймайды. Ал мектепті қосымша орындармен толықтырады делінген бұрынғы “Аютас” ауылдық округінің кеңсе ғимаратын тексерген арнайы комиссия оны жөндеуге келмейді, мүлде жарамсыз деп таныды. Осындай жағдайда басқадай мүмкіндікті көре алмаған Зайнола Нұрымұлы мектеппен бір орамдағы ескі клубты кәдеге жаратуды ойластырып отыр. Оның бір бөлігінде төрт жылдан бері мектеп жанындағы шағын орталық жұмыс істеп келеді.
Мектептің ішінде болған жылу қазандығы сыртқа шығарылып, бұрынғы клуб ғимаратындағы асхана соның орнын басты, оның өзін де екіге бөліп, бір бөлігінде шағын мұғалімдер бөлмесі жабдықталды. Аудандық Білім бөлімі асханаға жаңа 5 үстел мен орындықтар және газ плитасын алып берді. Аз қамтылған отбасылардан 29 оқушы тегін тамақтандырылады, ал қалғандарына түскі ас 35 теңге тұрады.
– Енді осы клуб ғимаратының қалған бөліктерін де жөндеуден өткізіп, мектеп қажетіне жаратудан басқа амалымыз жоқ. “Таяқтың екі басы бар” демекші, оның өзі де қауіпсіз іс емес. Ғимаратта техникалық төлқұжат жоқ, ол да шаруашылық әдісімен тұрғызылған құрылыс болып табылады. Сондықтан, оған бюджет қаражатын жұмсауға құқымыз жоқ. Ауыл тұрғындарының көмегімен жөндеуден өткізіп, іске жаратуды ойластырып отырмыз. Ондағы көрермендер залын – спорт залына, ал би залын акт залына айналдырамыз, жоғарыдағы кино қондырғысы бөлмесінде спорттық жаттығулар орны ашылады, – дейді мектеп директоры.
Бұл жұмыстың біртіндеп жүріп жатқанын көрдік. Босаған асхана орнына мектеп шеберханасы көшіріліпті. Сондай-ақ, мектеп кітапханасы да сонда көшіріліп, солардың есебінен сынып бөлмелері көбейетін болады. Әрине, осы атқарылып жатқан жұмыстардың бәрі мектеп проблемасын шешіп бере алмайды. Оны мектеп басшысының өзі де сезіп отыр. Өйткені, бір сөзінде: “2015 жылдан бастап 12 жылдық оқыту жүйесіне көшер болсақ, онда 11-12-сыныптар Сергеевкадағы базалық тірек мектебінде оқиды да, біздер негізгі мектептің дәрежесінде қаламыз, яғни мектеп тарлық етпейтін болады”, – деген үмітке малданып жүргенін де байқатып алды. Оқу орны түбінде жаңарып, жаңғырғанға не жетсін?! Мұнда көбісі әзірге ескі жетпісінші жылдардың жиһазы. Жаңалары – мультимедиалық, физика және тіл кабинеттері ғана. Физика кабинетінде интерактивті тақта бар.
Мектепте барлығы 27 мұғалім еңбек етсе, олардың 4-уі – жоғары, 12-сі – бірінші санаттағы ұстаздар, 23-нің жоғары және 4-нің арнайы орта білімдері бар. Алты мұғалім үшінші деңгейлі білім көтеру курсынан өткен, олардың арасында қазақ тілінің маманы Қанат Боқанов, математик Раушан Шәріпова және бастауыш сынып мұғалімі Ақерке Базарбаева сияқты өз ісінің шеберлерін атауға болады. Сондай-ақ, географ Гүлсім Боқанова, мультимедиалық кабинеттің оқытушысы Серік Сексенов және орыс тілінің мұғалімі Сәуле Сейітбекова да жақсы ұстаздар болып табылады.
Мектеп пен ауыл кітапханасын бір жерде қосып ұстап отырған кітапханашы Берік Ғабдуллин айтқандай, ауылдың барлық бүгінгі тыныс-тіршілігі мектептің төңірегінде тоғысқан. Сондықтан, ауыл тұрғындары оның болашағына бейжай қарай алмайды, қолдарынан келгенінше көмектерін беруге дайын. Ал оны біз іс жүзінде өзіміз де аңғардық, ауыл болып жанашырлық танытып, мектеп жүгін бірігіп көтермекші.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.