«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КИКБОКСИНГ КОРОЛІ

Кикбоксинг ХХ ғасырдың 20-шы жылдары Америка Құрама Штаттарында “Фулл-контакт карате” атауымен пайда болған. Қазіргі таңда кең танымалдыққа ие. Бұл спорт түрінен өмірінде жеңіліп көрмеген жекпе-жек шеберлері де бар. Мәселен, Бенни Уркидесті кикбоксингтің нағыз королі десек артық айтпаспыз.

Спорт әлемінің аңызына айналған Бен­ни Уркидес 1952 жылы Калифорния штатындағы Сан-Фернандо қаласында дүниеге келген. Әкесі кәсіпқой боксшы болса, анасы рестлингте өнер көрсеткен. Аға-бауырлары және қарындастары сияқты ол да кішкентай кезінен спортқа жақын болып өседі. Алдымен 5 жасында бокс және каратэмен айналысады. Кейін шығыс жекпе-жектеріне көңіл бөліп, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізеді. Атап айтқанда, 22 жасында әлем чемпионы атанған. Барлығы 27 жылға созылған спорттық мансабында әлем біріншіліктерінде 8 рет жеңістің биік тұғырына көтеріледі. Бұдан бөлек, Бенни Уркидес дзюдо, кэмпо, карате-шотокан, таэквондо, лима-лама, кунг-фу, джиу-джитсу және айки-до бойынша қара белбеудің иегері. Дегенмен, ол көпшілікке кикбоксинг королі ретінде танымал.

Америкалық спортшы бірде-бір жекпе-жекте жеңіліп көрген жоқ. Әуесқой спортшы ретінде 200 кездесу өткізіп, барлығында да жеңіске жеткен. Сонымен қатар кәсіпқой рингте 53 рет рингке шығып, қарсыластарының көбін айқын басымдықпен жеңе білген, кездесулердің 35-ін нокаутпен аяқтаса, тек біреуінде ғана тең нәтиже тіркелген. Бұл жекпе-жектер кикбоксингтің “NKL”, “WPKO”, “PKA”, “WKA”, “AJKBA”, “KATOGI”, “NJPW” және “MTN” түрлері бойынша өткен болатын. Бенни Уркидестің ұрыс стилі сол кездегі қарсыластарының тәсіліне ұқсаған жоқ. Жас дарынның бойы 168 сантимерт болса, салмағы 72 килограмды құраған. Дегенмен, спортшы өзінен бойы биік әрі салмағы ауыр қарсыластарын жылдамдығының және ауыр соққыларының арқасында жеңе білді. Каратэнің қыр-сырын жетік меңгерген ол аяқпен тебуді жақсы меңгерген. Әдетте кикбоксшылар қарсыласының басы мен денесіне қолымен соққылар жасайтын. Ал Бенни Уркидес болса, алғашқылардың бірі болып орыннан секіріп, аяқпен басқа соққы жасау тәсілін қолдана бастады. Ал ең танымал тәсілі – “Айдаһардың құйрығы” деп аталды. Яғни, қарсыласты аяқтан шалып құлату. Бұл жұдырықтасу кезінде керемет нәтиже бермегенімен, сырт көзге өте әсерлі көрінетін.

АҚШ-та атағы шыққан спортшы 1977 жылы Жапонияға сапар шегеді. “WKA” ережесі бойынша жұдырықтасып, жергілікті екі шеберден басым түседі. Атап айтқанда, алғашында ел чемпионы Кацуюки Сузукиге қарсы шығады. Алтыншы раундта қарсыласын екі рет нокдаунға жіберген кикбоксшы жапондықтың басынан теуіп, есінен тандырады. Бұл кездесуді тамашалаған Жапонияның бұрынғы чемпионы, сол кезде спорттан алшақтаған Кунимацу Окао елінің абыройын қорғау үшін америкалықпен кездесуге бел буады. Бұл жолы бірінші раундта оқыс нокдаунға түскен Бенни Уркидеске негізінен қорғанып жүруге тура келеді. Тек төртінші раундта шаршай бастаған қарсыласына бірнеше сериялы соққы жасап, жеңіске жетеді. Ал 1984 жылы Амстердам қаласында муай тай ережесі бойынша жергілікті чемпион Иван Спрангтан 6-раундта техникалық нокаутпен басым түседі.

Жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген спортшы 1973 жылы кикбокстан әлем чемпионы атанып, 24 жыл бойы бұл атақты ешкімге бермей ұстап тұрған. Сол жеңілмеген күйі үлкен спорттан кетті. Кейін ол кино әртісі, каскадер және жекпе-жектерді қоюшы маман ретінде 20 көркем фильмге қатысты. Әсіресе, миллиондаған көрерменнің жүрегін жаулап, кино әлемін­де өзіндік қолтаңбасын қалдырған атақты қытайлық актер әрі продюсер Джеки Чанмен бірге “Закусочная на колесах” және “Драконы навсегда” атты кинотуындыларда ойнаған. Атақты “Воздушная тюрьма” киносының түсіріліміне қатысып, сол кездегі Голливуд жұлдызы Николас Кейдждің жекпе-жектерін қойғанын біреу білсе, біреу білмес. Ол тоқсаныншы жылдардағы әр жеткіншектің сүйікті әртісі болған бельгиялық Жан-Клод ван Даммен бірге жемісті жұмыс істеген.Шығыс жекпе-жегінің шебері, АҚШ және Гонконг киноактері, сондай-ақ, кинорежиссер Брюс Ли өз заманында “Джит Кундо” деген жауынгерлік өнер стилін жасап шығарғаны белгілі. Ал Бенни Уркидес өз кезегінде каратэнің “Укидокан” деген стилін ойлап тапты. Автордың айтуынша, жаңа стильде өзі өмір бойы айналысқан тоғыз спорт түрінің артық тұстары және үздік тәсілдері топтастырылған. Бүгінгі таңда 68 жастағы Бенни Уркидес өзінің зайыбымен бірге Лос-Анджелес қаласындағы спорттық клубта ересектер мен жасөспірімдерді өзі жетік білетін жекпе-жек түрлерінің қыр-сырына үйретуде.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp