«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Конфессияларға жүктелер міндет көп

   

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жергілікті ислам, христиан және католик діндерінің көшбасшыларымен кездесіп, алқа-қотан әңгіме барысында баянды өмір салтымызға айналған конфессияаралық тағаттылық, береке-бірліктің қадір-қасиетін жеткіншек ұрпақ бойына ұялату, бірегей мәдениетті, ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері кеңінен қозғалды.

  Құмар Іргебайұлы өз сөзінде өңір аумағында жұмыс істейтін 136 діни ұйым мен 11конфессияның ел ішіндегі тыныштық пен бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесін лайықты бағалады. Әлеуметтік сауалнама қорытындылары көрсеткендей, облыс тұрғындарының 76 пайызы діни ахуал тұрақты деп санаса, 86 пайызы бұл бағыттағы мемлекеттің саясатын қуаттайды.
   «Отаны бірдің тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» деген. Қазақстан егемендікке қол жеткізгеннен бері ұлттық келісім идеясын берік ұстанып келеді. Жерлестеріміз тегіне, ұлтына, дінге көзқарасына, наным-сеніміне қарамастан ортақ тіл табысып, әлеуметтік-экономикалық табыстарды еселей түсуге өз үлестерін қосуда. Сіздер отбасылық құндылықтар мен саламатты өмір салтын талмай насихаттап келесіздер. Жастарды нашақорлық, ішімдік ішу секілді қоғамдық кеселдерден, жаман әдеттерден сақтандыруда, арылтуда ақыл-кеңестеріңіз бен уағыздарыңыздың пайдасы өте зор. Өкінішке қарай, түрлі секталардың ықпалында кетіп, адасушылықта жүрген жастарымыз жоқ емес. Мемлекетіміздің ұлтаралық, конфессияаралық қатынастарды жетілдіру, дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеу бағытындағы ұстанымы айқын. Бүгінгідей күрделі жағдайда келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында бірлесе іс-әрекет етудің орны бөлек» деген өңір басшысы жұртшылық арасында атқарған жемісті жұмыстары үшін дінбасыларға алғысын білдіріп, табыс тіледі.
    Облыстық «Қызылжар» мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы, Петропавл және Булаев епархиясының епископы Владимир, Рим-католик приходының настоятелі Петр Ян Лахета карантин кезеңінде атқарылған игі істермен қатар өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Олардың ой-пікірлері Қазақстан қазір төрткүл дүниеге ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімнің өзіндік моделін қалыптастырған ел ретінде танымал. Салиқалы ұлт саясаты ғана бейбіт өмірді көздің қарашығындай сақтайды. Ауызбіршілікті, сыйластықты нығайтады, деген ортақ түсіністікке жетеледі.
Құмар Ақсақалов жиынға қатысушыларға Абай Құнанбаевтың жаңадан басылып шыққан кітаптарын сыйға тартты.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp