«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КОРЕЯ БІЛІМІМЕН ДЕ КӨШ БАСЫНДА

“Өрлеу” педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру ұлттық орталығының 55 оқытушысы мен қызметкері Оңтүстік Кореяда біліктіліктерін арттырып келді. Қазір Германия, Австралия, Ресей, Жапония, Сингапур елдерінің ұлттық білім жүйелерінің тәжірибесін зерттеу үшін келесі топ дайындалып жатыр.

Smart learning тәжірибесімен алмасуға Қазақстаннан барған топтың арасында менімен бірге “Өрлеу” солтүстікқазақстандық филиалындағы әріптестерім Рүстем Түлеков, Айжан Мұрзабаева, Жанна Сейтжанова болды.

Біз ағылшындық, француздық, ресейлік, корейлік, австралиялық білім беру жүйелерінің тәжірибелерін өзіміздің филиал қызметіне бейімдеу бойынша жүргізілген жұмыстарымызды дәлелдедік. Өткен жылдың соңында шетелде сынақтан өткен Д.Найманова, А.Деревянкин, К.Сәбиева, Г.Қайнетова, О. Медведева, К.Нұртаева, Т.Терейковская, Н. Самыратов, К. Еленбаева бірқатар тұсаукесерлер, семинарлар, конференциялар, курстар, тренингтер өткізген болатын. Соның нәтижесінде өңір педагогтері әлемдік білім беру тәжірибесінің артықшылықтарын байқады. Оның қорытындысы ретінде “Білім беру әлем картасында” атты ұжымдық монография басылып, онлайн-тұсаукесерінде онымен басқа 16 филиал да таныстырылды. Нәтижесінде біз шетелге тағы шақырылдық.

“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы өз қызметін педагогтердің курстық даярлықтарын жүйелі жаңарту мен жақсартуға, білім берудегі инновацияларға ғылыми-әдістемелік тұрғыда жетекшілік етуге, зерттеушілік орта құруға бағыттайтынын атап өту керек.  

Біз он күн ішінде Сеулдегі Smart learning ұйымының тәжірибесімен таныстық.

Корей елі соңғы 20 жылдың ішінде халқының ерекше еңбексүйгіштігінің арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Әлемдік рейтингте Оңтүстік Кореяның сандық теледидарлары – 1, ұялы байланыс – 2, телематика 3-орындардан көрінсе, зияткерлік роботтары да таңдай қақтырады. Сонымен қатар, кеме жасау, автомобиль өндірісі мен құрылыста да көш басында. Олар 2015 жылға дейін бәсекеге қабілетті 10 елдің, 2025 жылы алдыңғы үштіктің құрамынан көрінуді жоспарлап отыр.

Бұл елдің жастарының 70 пайызы университеттерде оқиды. Ұлттық білім жүйесінің ерекшелігі Smart learning болып табылады. Ол өзін-өзі дамытуға, білім алушының танымдық белсенділігіне, бейімділігіне, білім қорларына қолжетімділігіне, технологиялармен қамтамасыз етілуіне бағытталған. Smart learning-тің мақсаты Корей азаматтарына кез келген уақытта, кез келген жерде білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуді көздейді.

Олардың пайымдауынша, “ақылды” қоғам дәуірінің басталуымен адамдар қабілеттеріне талап өзгереді, осыған орай білім беру әдістемесі де жаңарады. Қазіргі білім берудің “бетпе-бет” жүйесі кибернетикалық білімге ауысады. Кибернетикалық білім беру онда 10-13 жыл бұрын басталып кеткен.

Smart learning-тің ресми емес нұсқасы, яғни бір тетікті басу арқылы адам өзіне, әлемге жол ашатыны жөнінде де осында естідік.

Білім беру философы П.Друкердің “Уақыт өте келе дәстүрлі білім беру өз шегінен шығады” деген шынайы ұстанымын корейлік феномен растады. Корейлердің EunSeok бастауыш, DaeWon шет тілдерінің жоғары мектебінде және дені сау оқушылармен бірге ақыл-есінің дамуы шектелген балалар оқитын KyungWoon білім беру ұйымдарында болып, көзімізбен көрмесек, жоғарыда айтып кеткендердің барлығын қиял деуге болар еді.

Балалардың қуанышты жүздері, олармен қарым-қатынас барысындағы ұстаздардың шынайы қызығушылығы, әңгімелесу арқылы білім беру кезіндегі ахуал, оқулықтардың ашық та үлкен беттері, мінсіз шеберлікпен безендірілген қызғылықты стенділер біздің кәсіби қалыптасқан мұғалімдік назарымызға ілікпей қоймады. Біз қатысқан сабақтардың барлығы ағылшын тілінде өтті, оны оқыту корей мектептерінде бірінші орынға қойылған. Мұндай мектептердің міндеті айқын. Оқушылар мен ата-аналар үшін әрқашан есік ашық. Мектептің шарттары бойынша балалар мен ата-аналар оның қызметіне қанағаттанып, оқушының толық дамуын қамтамасыз ету қажет.

Алма МЫРЗАЛИНОВА,

“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ

Солтүстік Қазақстан облыстық педагог қызметкерлердің

біліктілігін арттыру институтының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp