Петропавлдағы Әскери институтта Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған айтыс өтті. Аталмыш оқу орнының ақындығы бар оннан астам курсанты Шу мен Талас өзендері алқабында ту тіккен хандығымызды, ата-бабаларымыздың асыл арманына айналып, білектің күшімен, найзаның ұшымен келген тұғырлы Тәуелсіздікті өлең-жырларының арқауына айналдырды. №2 батальонның курсанттары Жүрсін Қабдөшұлы мен Мейіржан Исақовтың айтысы тартымды өтті. Қазақ халқының арғы-бергі тарихынан ой қозғап, оны бүгінгі күнмен байланыстырған екеуі де оңтайлы сәтте әзіл-қалжыңға орын беріп отырды.
Қарсыластарын қағытпа қалжыңмен, түйдек сөзбен түйреп, жүзден жүйрік танылған Жүрсін Қабдөшұлы бірінші орынды иеленсе, іріктеудің екінші кезеңіне өткен сегіз курсант айтыстың желтоқсан айында – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өткізілетін шешуші кезеңіне жолдама алды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.