
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың игі бастамасы осылай аталды. Ұжымның ұйымдастыруымен бірінші рет кітапхана өз оқырмандарын әдеттегідей күндіз емес, кешкі уақытта қарсы алды. Мұндай қызықты оқиғадан қалыс қалғысы келмеген қала тұрғындарының көбі жұмыстан шыққан соң үйлеріне емес, кітапханаға қарай ағылды.
Бұл күні кітапханадағы барлық қызметкерлер өз бөлімдерінің есіктерін айқара ашып, оқырмандарға ерекше құрмет көрсетті. Мерекелік көңілкүй орнаған мекеменің кіреберісінде концерттік бағдарлама ұйымдастырылса, ұлттық киімдер киген қызметкерлер келушілерге дәмді шай мен тәтті тағамдар ұсынды. Қолөнер бұйымдары қойылған түрлі тақырыптағы көрмелер де кештің ажарын ашып, оқырмандардың қызығушылығын туғызды.
Қазақ тілі бөлімі бұл кеште ерекше дайындықпен көзге түсті. Рухани байлықтан нәр алуға келген қонақтар бұл кеште жас ақындар Аманжол Зағыпар мен Жарқын Жұпарханның айтысын тамашалап, облыстық филармонияның дарынды әншісі Біржан Есжановтың орындауында дәстүрлі әндер тыңдады. М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің журналистика факультетінің 1-курс студенті Мұрат Мәметжан өзі шығарған “Әке арманы” өлеңін оқып, терме орындап, кештің ажарын аша түсті.
Ұлттық құндылықты насихаттауды мақсат еткен облыстық Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың жоғары сынып оқушылары тоғызқұмалақ, асық ойындарынан өзара жарысқа түсіп, шеберлік танытты. Мерекелік дастарқан басына жиналған ақ сақалды қарттар мен ақ жаулықты әжелер жастарға тағылымы мол әңгіме айтып, тәлім-тәрбиенің түп қазығына айналған ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауды сөз арқауына айналдырды.
– Бүгінгі үлкен шара – кітапханаға оқырмандарды тартып, олармен қарым-қатынасты күшейте түсудің жаңа үлгісі. Әдебиет әлемін осындай жаңа қырынан таныта отыра, кітап оқу арқылы да демалуға болатынын көрсетуді көздейміз, – дейді қазақ тіліндегі әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі Майра Әшімова.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.