Өткен демалыс күндері өңірімізге “Dombyra” ұлттық телеарнасының шығармашылық тобы ат басын тіреп, “Ұлы дала әуендері” жобасының аясында дәстүрлі мәдениетті дәріптеп жүрген өнерпаздардың қатысуымен түсірілім жүргізді. “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешеніне өз өнерін паш етуге жиналған 13 ауданның және облыс орталығының өкілдері ән мен жырдан, күй мен термеден шашу шашып, солтүстік өңірдің ұлттық өнерді насихаттаушыларға бай екендігін дәлелдей түсті.
Қазақ қайда жүрсе де, қолынан қасиетті қара домбырасын тастамай, көкейіндегісін күмбірлеген күй арқылы ұқтырып, әуелеген әуезді әнмен әспеттей білген халық қой. Құрманғазы мен Тәттімбет, Ақан сері мен Кенен Әзірбаев сынды асылдарымыз жанына серік еткен мұрамыздың бүгінде музыканың өзге бағыттарының тасасында қалып бара жатқаны жасырын емес. Осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін “Dombyra” ұлттық арнасы оң бастаманы қолға алып, бірер жылдан бері ел ішіндегі талантты өнерпаздарды насихаттау мақсатында игі жұмыстар атқаруда. “Бүгінде барлық облыстардан жобаға қатысуға ниет білдірушілер қатары көбейе түсуде. Мәселен, солтүстік өңірдің өзінде Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай әндерін насихаттаушылар аз еместігіне көз жеткіздік. Бірнеше күннен бері Мамлют, Жамбыл, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарды аралап, көмейіне бұлбұл ұялаған дарынды әншілер мен күйшілердің орындауындағы 80-ге жуық шығарманы жазып алдық”, – деген телеарна директоры Қанат Ержігіт түсірілім алдағы уақытта қазақстандықтар назарына ұсынылатынын атап өтті.
Түсірілім барысында облыстық филармонияның, аудандардың 20-ға жуық әншілері мен күйшілері өз өнерлерін ортаға салып, таланттарын таныта түсті.
Бүгінде ID-TV – кабелдік желісі, сондай-ақ, YouTube арқылы таратылып отырған “Dombyra” телеарнасы тәулігіне 24 сағат бойы ән-күй, жыр-терме, шығармашылық концерттерді насихаттауда. Бір жылдың ішінде мыңнан астам ән-күй, жыр-терме, жүзден астам сүбелі хабар көгілдір экраннан көрсетіліпті.