«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮНКӨРІСКЕ ҚАНША АҚША КЕРЕК?

Облыстық статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2016 жылғы қаңтардағы күнкөрістің ең төменгі деңгейі 18735 теңгені құрады. Аудан орталықтары бойынша бұл көрсеткіш – 19064 теңге, ал Петропавл қаласы тұрғындары үшін жан басына шаққанда қажетті қаржы 18198 теңге деп белгіленді.

Күнкөрістің ең төмен деңгейі – бір адамның ең төменгі мөлшерде тұтыну көрсеткішінен жасалатын табыс көлемі. Ең төменгі тұтыну қоржынына ішетін тамағының, киетін киімінің, пайдаланатын қызметтерінің ең аз жиынтығы енгізіледі. Ондағы азық-түлік – 60 пайыз, азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтер 40 пайыз мөлшерінде. Азық-түлік қоржынында 43 тамақ өнімінің атауы енгізілген. Яғни, оған ет, балық, сүт, май мен тоңмай, нан, жеміс-көкөніс, жұмыртқа, қант, шай, дәмдеуіштер және басқа тағамдар кіргізіледі.

Өңіріміздің күнкөріс деңгейі өткен аймен салыстырғанда 2,3 пайызға көтерілді. Бұл – халық тұтынатын әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаның өскендігінің белгісі. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемі адамның қарнын ашыр­мауға ғана жеткілікті екендігі түсінікті.

Облыстық статистика департаменті жүргізген мониторинг қаңтар айында бір адам азық-түлікке – 11241 теңге, азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтерге 7494 теңге жұмсағандығын көрсетті. Күнкөріс деңгейі сомасының 21,2 пайызы – ет пен балыққа, 16,5 пайызы – сүт, май өнімдері мен жұмыртқаға, 10,5 пайызы – жемістер мен көкөністерге, 9,2 пайызы – нан және жарма өнімдеріне, 2,6 пайызы қант, шай және дәмдеуіштерге жұмсалған. Ал осы деңгей шамасын халықтың әлеуметтік-демографиялық топтарына жіктеп есептесек, онда 13 жасқа дейінгі бала үшін – 15056 теңге, 14-17 жасқа дейінгі ер бала үшін – 23674 теңге, ал әр қызға 18138 теңге ақша талап етілген. Еңбекке қабілетті 18 жастан асқан ер адам өзінің бір айлық қорегі үшін – 22305 теңге, ал нәзік жан 17711 теңге жұмсаған. Зейнеткерлер 17521 теңгені қанағат тұтқан.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp