«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮРЕСКЕ ТОЛЫ ҒҰМЫР

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында қазақ халқының көрнекті перзенттерінің бірі, ағартушы-демократ Шоқан Уәлихановтың туғанына 185 жыл толуына орай тарихи драма сахналанып, маған ұлы ғалымның рөлін сомдау бақыты бұйырды. Академик жазушы Сәбит Мұқановтың “Аққан жұлдыз” романының негізінде әзірленген қойылымда қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматтың беймәлім қырларын көрермендерге жеткізіп, оның тұлғалық келбетін, мінез-құлқын, сол тұстағы жағдайларға деген көзқарасын шынайы жеткізу міндеті маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Бұған дейін маңызы жағынан кем түспейтін образдарды сомдағанымды көрермендер жақсы біледі. Бірақ Шоқан сынды алып тұлғаны сахнаға шығару, оның бар болмыс-бітімін дөп басу менің актерлік шеберлігімді шыңдай түсіп, өнерге деген ынта-ықыласымды одан сайын арттырды.

Шоқан Уәлихановтың қамшының сабындай қысқа ғұмыры қайраткерлік пен күрескерлікке толы болды. Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен тұлғаның жиһанкездік жолы – тек жас ұрпаққа ғана емес, күллі адамзатқа өнеге. Мен Шоқан образын сомдау арқылы оның адамгершілігін, білім-ғылымға құштарлығын, ішкі жан-дүниесін, халқына деген жанашырлығын жеткізуге талпындым. Ол өмір сүрген заманда елдің атқамінерлері халқымызды мал бағудан басқаны білмейтін надан, қараңғы санады ғой. Шоқан осындай келеңсіз көзқарасты түп-тамырымен жоюға, туған халқының ұлттық ар-намысын қызғыштай қорғап, іні-қарындастарына білім беруге тырысты. Ол замандастарын көкірегі ояу, көзі ашық жұрттың қатарына қосу жолында биліктен қорықпады. Кейіпкерімнің осы қыры маған қатты әсер етіп, ұлт жанашырының отансүйгіштігі мен халқына деген құрметін барынша шынайы жеткізуге тырыстым.
Ағартушы-демократтың ішкі жан-дүниесін ашуда үлкен актерлік күш пен ізденіс қажет. Мен Шоқанның образын сахнаға алып шықпас бұрын біраз уақытымды кітапханалар мен мұражайларда өткіздім. Ғалым туралы кітаптарды парақтап, оның болмысын тани түсуге тырыстым. Алып тұлғаның бейнесін сомдау маған жеңілге соқпады. Шоқан болып қиялға ерік беру, Шоқан болып ренжу, Шоқан болып мақтану, қуану, Шоқан болып туған ұлтын риясыз сүю кез келген актердің қолынан келе бермейтін дүние екені белігі. Әйтсе де, көрермен қауымның ыстық ықыласынан өзіме жүктелген міндетті абыроймен орындап шықтым деп ойлаймын. Мен жас болсам да, халқымыздың мақтанышына айналған біртуар азаматқа арналған қойылымда басты рөлді сомдағанымды шығармашылық жолымдағы үлкен жетістікке балаймын.

 

Айбол ҚАСЫМ,
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актері.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp