Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Қызылжар ауданында болып, бірқатар нысандарды аралады.
Өңір басшысы алдымен халықаралық маңызға ие “Петропавл – Қорған” бағытындағы жолды жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған жол әбден тозып, көлік қозғалысын қиындатқан болатын. 2017 жылы “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында жаңғырту жұмыстары басталған. Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі 60 шақырымды жөндеу жұмыстарына ел бюджетінен 28,8 млрд. теңге бөлінген.
“ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясы” АҚ-ы облыстық филиалының директоры Болатбек Айтбаевтың айтуынша, “К-Дорстрой” компаниясы жаңғырту жұмыстарының бірінші бөлігін толық аяқтады.
– Мердігер компания жөндеу жұмыстарын екі учаскеде қатар жүргізген болатын. Қазіргі уақытта облыс орталығы мен Мамлютка қаласы арасындағы 29 шақырымдық бірінші учаске толық аяқталды. Су өткізгіш 22 құбыр және 4 мал өтпесі салынды. Жол бойында 257 адам, 141 техника жұмыс істеуде, – деді Болатбек Айтбаев. Қайта жаңғырту жұмыстары аяқталған жол учаскесі Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік құжаттарының талаптарына сәйкестендіріледі. Көлік нөпіріне байланысты облыс орталығына жақын 4,5 шақырымы төрт жолақты етіп салынды. Мамлютка қаласы мен Ресей шекарасының аралығындағы 31 шақырымдық екінші учаске 2021 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бүгінде оның 14 шақырымы жөнделіпті.
Жаңғырту жұмыстарының барысымен танысқан өңір басшысы екінші учаскені уақтылы пайдалануға беру керектігін ескертті.
– Бүгін көптен күткен Петропавл – Мамлют бағытындағы жолдың негізгі құрылысы аяқталды. Енді Жамбыл, Мамлют және Қызылжар аудандарының 37 мыңнан астам тұрғыны облыс орталығына сапалы жол арқылы қатынай алады. Жол барлық халықаралық стандарттарға жауап береді. Бұдан бөлек, облыс орталығына кіреберістегі 3,5 шақырымына жарықтандыру жүйесі орнатылды. Сондай-ақ, биыл Петропавлға кіретін үш көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді Құмар Іргебайұлы.
Бұдан кейін Құмар Ақсақалов Петерфельд ауылына ат басын бұрды. Ауылдағы мектеп сенімгерлік басқаруға берілген еліміздегі алғашқы білім ошағы болып табылады. 1969 жылы қабырғасы қаланған нысанды “Қызылжар Абай орта мектебі” қайырымдылық қорына 10 жылға сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылданған болатын. Қор төрағасы Ерлан Айтмұхамбетовтың айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстарына 300 млн. теңгенің инвестициясы тартылған. Нәтижесінде ескі мектеп адам танымастай өзгерді. Оқушыларға Финляндияның жүйесі бойынша білім беріледі. Әр сынып заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті оқулықтармен қамтамасыз етілген. Білім ошағы Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебімен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Алдағы уақытта мектеп жанында көрші ауылдардан келіп оқитын оқушыларға арналған жатақхана салу жоспарлануда.
Мектептің ішін аралап көрген облыс әкімі өңірде 1970-1980 жылдары тұрғызылған білім ошақтарын жаңғыртуға басымдық беріліп отырғанын атап айтты. Соңғы екі жылдың ішінде олардың жартысына, яғни 249 мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 10 млрд. теңге бөлінді. Бұл жұмысқа инвесторларды көптеп тарту қажет. Сонда маңызды жұмыс сапалы әрі жылдам жүргізілмек. Ал бюджет қаражаты тек балалардың оқуы үшін жұмсалатын болады.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі елді мекенде салынып жатқан жаңа үйлердің құрылысымен танысты. Асқар Мәдиев басқаратын “Петерфельд-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – 4572 гектар жерге егін егіп, төрт мың бас мал бағып отырған ірі шаруашылық. Бүгіндері агроқұрылым жылқы, қазақтың ақбас сиыры мен қой өсіреді. Несібесін жерден тапқан Асқар Аманжолұлы жұмысшыларының жағдайын жасау мақсатында 20 үй тұрғызуда. Оның 14-і жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болса, қалғаны келесі жылдың еншісінде. Баспаналардың аумағы 75 және 120 шаршы метрді құрайды.
– Тұрғын үй тапшылығы өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі екені сөзсіз. Тұрғындар тарапынан баспанаға қатысты сауалдар жиі қойылып, шағымдардың көптеп түсетіні де сондықтан. Ауыл тұрғындарына жағдай жасау қажет. Тек сонда ғана азаматтар елді мекендерде тұрақтайды. Баспаналарды тұрғызу ісіне жеке кәсіпкерлерді және шаруашылық басшыларын тартуымыз керек. Олардың қолдауымен былтыр 488 үй қолданысқа берілді. Жыл соңына дейін тағы 700 үй салынып бітеді. Мұндай бастамаларды әр ауданда, әр ауылда жүзеге асыруға тиіспіз, – деген Құмар Іргебайұлы шаруашылық басшысына жұмысшыларының өмір сүруі жағдайын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмысты алдағы уақытта да жалғастыру қажеттігін қадай айтты.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.