Бар табиғат өзара жарасқан ба?
Ақ мамықтар ұшып жүр ақ аспанда.
Қала жатыр оранып ақ тұманға,
Сірә, дала кіршіксіз, ақ бұдан да…
Көліктің терезесінен айналадағы аппақ әлемнен көз алмай отырып, Мұқағали Мақатаевтың өлең жолдары ойыма келіп, тіліме оралды. Ұшқындаған ақ мамықтан аспаны мен жері астасқан, шеті көрінбейтін туған өлкенің сайын даласы неткен байтақ еді?! Осы күнге дейін өңіріміздегі бірталай елді мекенге барсақ та, әлі де табанымыз тимеген ауылдар аз емес екен-ау. Бұл жолы қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, іргесі сөгілмеген Аймақ, Амандық ауылдарының тыныс-тіршілігімен таныспаққа жолға шықтық.
Ақ ұлпаның жел тұрса аққұлақ боранға ұласатынын ескеріп, Тайынша ауданына қарасты бұл ауылдарға Көкшетау арқылы жолға шықтық. Халықаралық жолды қар алған күннің өзінде тез тазаланады ғой. Ақмола облысының орталығынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан Амандық округінің ғажайып табиғатын тамашалап келеміз. Бурабайдың көгілдір таулары да алыстан көз ұшына ілінді, ақ күміске малынған ормандар сайлардың бауырына тығылып, аю жүнденіп ұйып тұр. Округте барлығы 500-ге жуық шаңырақ түтін түтетіп отыр. Тұрғындарының көбі – қазақ. Амандық, Жаңадәуір, Иличьевка, Аймақ ауылдарының бір-бірінен алшақтығы әрі кетсе 10-15 шақырым. Округ әкімінің міндетін атқару ісіне енді ғана кіріскен Керейбай Әнуарбекұлы ауылдардың бүгінгі ахуалы туралы сөз бастады.
– Ауылдар облыс орталығынан алшақ болса да, Көкшетаудың дәл іргесінде, автомобиль және темір жолдардың бойында тұр. Ауыл тұрғындары еңбекқор. Мал шаруашылығын дамытып, 800-ге жуық жылқы, 1 мыңнан астам ірі қара, қой-ешкі өсіреді. Округте 15 шаруашылық субъектісі бар. Тұрғындар жемшөп, жаздық жайылым жағынан таршылық көріп отырған жоқ. Кіндік қаны тамған жердің болашағына алаңдайтын атқамінер азаматтар ауылдарда баршылық. Мәселен, Амандық ауылының тұрғыны Оралбай Тірманов мал ұстап, жер игілігін көріп, ауыл тұрғындарына жұмыс ұсынып отыр. “Жанмұқан” шаруа қожалығы да жаңа-дәуірліктердің жағдайын жасауда. Жұмыс болған соң тұрмыс та түзеледі емес пе? Ильичевка ауылына оңтүстік өңірлерден 14 отбасы қоныстанды. Мұндай отбасылар Жаңадәуірде де бар, – деді әкім.
Ауыл – ұлттық құндылықтардың мәйегі, тіл, салт-дәстүріміздің, мемлекет іргесінің қалыптасуы мен дамуының алтын бесігі. Ал мектеп қай кезде де ауыл тұрғындарының жүрегінде үміт отын жағып, болашаққа деген сенімін ұялататын білім мен мәдениеттің орталығы болып саналады. Мектебі жабылған елді мекендердің тағдырын талай көрдік, білім беру мекемесі жоқ ауылдың болашағы да күмәнді. Бірден Амандық ауылындағы білім ордасына барудың бір себебі де сол болатын. 1976 жылы салынған екіқабатты мектептің іші ұядай жылы, сырты да жинақы. Орта мектеп директоры Нұрсұлу Баймағамбетова бүгінде мұнда 105 бала оқитынын айтты. Мектепалды даярлық тобына 11 бала барса, шағын орталықта 19 бүлдіршін тәрбиеленуде.
– Жаңадәуір ауылында мектеп болмағандықтан, сол ауылдың 20 баласын “ГАЗель” көлігімен күнде әкеліп, оқытамыз. Екі ауыл арасындағы 15 шақырымдық жолдың сапасы жақсы. Сондықтан тасымал мәселесінде түйткіл жоқ. Мектебімізде 21 мұғалім сабақ береді. Бес маман “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында жұмыс істеп жатыр. Олардың біреуі ғана осы ауылдың тумасы. Қалғандары – бізде еңбек етуге ниет еткен өзге ауыл жастары, – деген Нұрсұлу Сұлтанқызы білімдегі жетістіктеріне де тоқтала кетті.
Мектеп 2017 жылы ұлттық бірыңғай тестілеуден аудан бойынша бірінші орын алған екен. Биыл 6 оқушы пән олимпиадасына қатысып, олардың 5-еуі жеңімпаз атанған. Жыл сайын Абай оқуларының облыстық кезеңінде жүлделі орындарға ие болатындарын, ал жігіттер қазақ күресінен облыстық додаларда әрдайым қанжығалары майланып оралатындарын, оқушылардың басқа да жетістіктерін айтқан кезде жанарында мақтаныш сезімі жылт еткен мектеп басшысы:
– Балаларымыздың болашағының зор екеніне күмәнім жоқ. Мектепке биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болса, әлі талай белестерді бағындырамыз, – деді. Ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеу көрмеген білім беру мекемесі сырт көзге бүтін көрінгенімен, есік-терезелері, едені әбден тозыпты. Қасбетті де әрлеу керек. Былтыр Петропавлдан комиссия келіп, мұндағы жағдайды көріп, қажетті құжаттарды білім бөліміне тапсырып, биыл мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп сендірген. Әрі биылғы бюджет есебінен жаңа парталар, орындықтар сатып алынбақ. Мектептегі интернеттің жылдамдығын арттыру мақсатында арнайы қондырғы орнатқан уақыттан бері бұл мәселе де күн тәртібінен түскен екен. Енді ұстаздар қауымы электронды журналға, мұғалімдер олимпиадасына, онлайн режімдегі іс-шараларға қатысу мүмкіндігіне ие болып отыр. Мұндай игіліктердің ауылға жеткеніне тұрғындар дән риза. Балалары сапалы білім алса, шаруашылықтары өрге басса, басқа жақтан жерұйық іздеудің қажеті бар ма?! Округ әкімі 500-ден астам тұрғыны бар бұл ауылда арақ-шараптың сатылмайтынын айтты. Ішер сулары таза, дәрігерлік қосындары бар.
Ал іргедегі Аймақ ауылының тұрғындарын толғандырып отырған мәселелер аз емес. Елді мекенде 200-ге жуық үй бар. Тоғыз жолдың торабында тұрған бұл елді мекенде бірқабатты мектептен басқа жастардың тұрақтап қалуына негіз болатындай жағдай жоқ. Ол турасында осы ауылдың ақсақалы Жұмабай Тұрғымбаев ашынып айтты. Үлкен ауылда медициналық пунктің, моншаның, мәдениет ошақтарының жоқтығына қынжылды.
– Осы ауылда қаншама нысан болды. Сол кездегі шенеуніктер бәрін талан-таражға салып, кетіп қалды. Біз қала бердік. Ауыл тұрғындарының дені – зейнеткерлер. Жастар – іргедегі Көкшетауда. Ауырып қалсақ, аудан орталығына барамыз. Оған төтесінен түсудің өзі қиямет-қайым. Былтырлары құдықтың насосы істен шығып, бір жыл бойы ауызсусыз отырдық. Аудан басшылығына бірнеше мәрте барып, әйтеуір, жөндеттік. Құтқарушыларды да ұзақ күтеміз. Былтыр төрт үй отқа оранды. Өртсөндірушілер жеткенше, бір кісі өртеніп кетті. Айтып-айтпай не керек, ауылымыз Алаштың ардақты перзенті Сәкен Сейфуллин салдырған бірқабатты мектептің арқасында ғана тұр. Жеріміз де кім көрінгеннің қолында кетті, – дейді қарт.
2000 жылдары өздеріне тиесілі жерлерін “Байжол АГРО” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне беріп, осылайша, одан түскен өнімнің үлескері болуға үміттенген Аймақ, Амандық ауылдарының тұрғындары бүгінде ұлтарақтай жерлерінен айырылып қалған екен. Серіктестік ауыл жерлерін банкке кепілдікке қойып, қарызын қайтара алмай, ісі жүрмей, жабылып қалған. Ауыл тұрғындары бүгінде жерлерін қайтара алмай, тіпті, оның кімге берілгенін білмей дал. Түрлі мекемелердің есігін қағып, тұлыпқа мөңіреген бұзаудың күйін кешкендеріне бірнеше жылдың жүзі болыпты.
Ақсақал айтқан қазақтың біртуар ақыны Сәкен Сейфуллин салдырған мектептің де жағдайы мәз емес. Білім ордасының тарихы жайында мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгеруші Жарғанат Әділбекқызының мақаласын газетімізге жариялаған болатынбыз (“Soltústik Qazaqstan” газеті, 16 қаңтар 2020 жыл). 1961 жылы ашылған бірқабатты білім беру мекемесінде бүгінде 94 бала екі ауысыммен оқуда. Мұнда таңертең мектепалды даярлық тобында 7 бала оқыса, түстен кейін шағын ғана бөлме шағын орталыққа айналып, 8 балаға тәрбие береді. Мектептегі 22 мұғалімнің екеуі “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша келген. Жылу жүйесі шіріген, терезелері қаусап, төбесі сары судан сарғайып кеткен. Әжетханасы далада, суды да құдықтан тасиды.
– Шағын мектептерді қысқартып, үлкен білім беру мекемелеріне ауыстыру туралы сөз қозғалған сайын ертеңгі күнге алаңдаймыз. Биыл Амандық ауылындағы мектептің толық жөнделетінін естіп жатырмыз. Біздің мектепті тексерген комиссия “болашағы жоқ мектеп” деген ұйғарымға келіпті. Бұл мектептің болашағына сенбесе, 500-ден астам тұрғыны бар ауылдың да келешегіне балта шапқылары келе ме? Күре жолдың бойында тұрған ауылда мектеп болмаса, бұл елді мекеннің болашағы да бұлыңғыр болары бесенеден белгілі. Ауыл тұрғындарының дені осы мектеп үшін тұрып жатыр емес пе?! Ол жабылатын болса балаларымызды Қарағаш немесе Амандық ауылдарының мектебіне беруге тура келе ме деп қауіптенеміз. Қақаған қыста, боранды күндері кішкентай балаларды күн сайын 15 шақырым жердегі көрші ауылға тасу оңай ма? Не дұрыс оқу оқымайды, не ұйқысы қанбайды, не жарытып тамақ ішпейді. Жаңадәуір ауылының балаларын таңғы алтыда алып кетеді. Ол шағын ауылда 20 бала оқыса, бізде 100-ге жуық. Оқушылар бірнеше сабақ үшін басқа ауылда жүреді. Соны білетін әке-шешесі баласын қаңғыртып қоя ма? Қалаға көшеді де кетеді. Мектеп жабылса, ауылдың да іргесі сөгіледі. Біздің қорқатынымыз да осы, – дейді негізгі мектеп директоры Орал Құттығожин.
Мектепте спортзал да болмаған екен. Бірнеше сыныпты қосып, спортзал ашыпты. Абырой болғанда, ауыл жанашыр азаматтарға кенде емес. Мектеп түлектері қолғабыс етіп, коньки, шаңғы, теннис үстелін сыйлаған.
– Ниет болса, адам баласының қолынан бәрі де келеді екен. Ауыл болып мектепті жылыттық. Терезелердің бәрін тығындап, әрбір сыныпқа компьютер қойып, интернетке қостық. Мұның барлығы ауыл тұрғындарының, мектеп түлектері мен мұғалімдерінің арқасында жүзеге асырылып жатыр, – дейді мектеп директоры.
Көрші тұрған ауылдардың тұрмысы бір-біріне ұқсас болғанымен, олардың жағдайы әртүрлі. Тұрғындары ауылдың өркендеуін қалайтынын, балаларының болашағы үшін алаңдайтынын аңғардық.
Біз қалаға бет алғанда қылаулап жауған қалың қар ақтүтек боранға ұласатын сыңай танытты. Шалғайда жатқан қазақ ауылдарының келешегіне деген алақұйын көңіл басылар емес.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ