Бүгіндері облыс бойынша 78 шағын мұз айдыны жұмыс істейді. Жыл аяғына дейін олардың санын 100-ге жеткізу көзделген болатын. Осы жұмысты қолға алғандардың бірі – “Основание” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткен сенбі күні Сенная база шағын-ауданында қала тұрғындарына арнап жабық мұз алаңын іске қосты.
– Бұл мұз алаңын ашуды хоккеймен айналысатын қала жастары өтінген еді. Өзімнің кіші немерем де бұл спорт түрімен шұғылданады. Сондықтан балаларға жәрдемдесіп, осы нысанның құрылысын бастаған едік. Бұл мұз алаңын ашудағы мақсатымыз – саламатты өмір салтын насихаттау. Қазіргі таңда өңірімізде қысқы спорт түрлеріне баса назар аударылу да, – дейді “Основание” серіктестігінің директоры, облыстық мәслихат депутаты Сергей Тимофеев.
Сенная базада ашылған осы мұз алаңы екі айдың ішінде жасалды. Оның ұзындығы 20 метр болса, ені – 40 метр. Қазіргі таңда корттың қызметі тегін. Өскелең ұрпақты мұз айдынының ашылуымен депутаттар да құттықтады. Мысалы, облыстық мәслихаттың хатшысы Қайырлы Едіресов 70 жасқа келсе де, спортпен айналысып, саламатты өмір салтын ұстануда. Ол мұз алаңының ашылу салтанатына отбасымен бірге келді.
– Бүгін біздің мәслихат депутаты Сергей Тимофеев қала жұртшылығы үшін мұз алаңын ашып отыр. Бұл нысанның тұрғындарға тигізетін пайдасы зор. Адамның денсаулығы мықты болса, жұмыста нәтижелі қызмет атқарып, көрсеткіштері жоғары болады. Сондықтан да саламатты өмір салтын әрқашан да ұстану керек, – дейді Қайырлы Едіресов.
Жаңа мұз айдыны коньки тепкен жастардың көңілінен шықты.
Сағыныш МАРҚАШЕВА,
журналист.
Петропавл қаласы.