Петропавлдық жеке кәсіпкер Татьяна Мошанның газ құю стансасын аша алмай жүргеніне бірнеше айдың жүзі болды. Бәріне Петропавл қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сәулеттік-жоспарлау тапсырмасын бермеуі себеп. Істі бастауға рұқсат ететін маңызды құжатты алу үшін жеке кәсіпкер Петропавл қалалық әкімдігіне алғаш рет осыдан үш ай бұрын жүгінген. Содан бері әкімдіктің жауапты бөліміндегілер құжатты бес мәрте қайтарып жіберген. Мемлекеттік органның жауабын қараған облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшылары олардың негізсіз екенін анықтады және мемлекеттік қызметті көрсету уақытын созу жемқорлық фактісін тудыруы мүмкін деген сенімде.
Татьяна Мошанның арызы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысында қаралып, жиынға жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері шақырылды. Палата сарапшысы Тимур Елеукин атап өткендей, мемлекеттік қызметшілер кәсіпкердің бес өтінішіне бес түрлі уәж айтқан. Алайда, заң бойынша рұқсаттаманы беруге кедергі келтіретін фактілер болған жағдайда бірден нақты көрсетілуі тиіс.
– Мәселен, бірінші рет құжатты беруге учаскенің бас жоспарға сәйкес келмеуі және 100 метрден кем емес санитарлық-қорғау аймағының болмауы негізге алынған. Бірақ бұл учаске өндірістік және коммуналдық қоймалар аумағында орналасқандықтан, мұнда жасыл желектің жоқтығы белгілі болды. Бұған қоса кәсіпкердің жер теліміне жақын маңда жанар-жағармай құю стансасын салуға берілген жер учаскесі де бар екен. Оның санитарлық-қорғау аймағы небәрі 50 метрді құрайтын көрінеді. Сондықтан алғаш рет рұқсат бермеуге еш негіз жоқ. Келесі жолы бөлімдегілер кәсіпкердің құжаттарын “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ-ның қосымша келісімі қажет деп қайтарып жіберген. Заңға сүйенсек, мұндай келісім жер алғаш рет беріліп жатқанда ғана талап етіледі. Ал бизнес иесі мекемеге жер аламын деп емес, сәулеттік-жоспарлау тапсырмасын ресімдеуге жүгінген. Оған қоса, мемлекеттік қызметтің стандартында да мұндай келісімді алу қарастырылмаған, – деп атап өтті облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Тимур Елеукин.
Алтын уақытын жоғалтқан Татьяна Мошан ақыр соңында мұндай құжаттың қажеті жоқ деген жауап алыпты. Қағазбастылықтың салдарынан сергелдеңге түскен кәсіпкер құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне қайта барған. “Төртінші рет жолдың жанасуы бойынша арнайы техникалық шарттардың болмауы алға тартылған. Бұл жолы жолдың жанасуының техникалық шарттарын ресімдеуге қалалық әкімдік аппаратына жіберген. Ал кәсіпкер жолдың жанасуына қатысты құжаттама емес, сәулет-жоспарлау тапсырмасын ресімдеу үшін жүгінді. Демек, мұның барлығы істі әдейі созғанын анық байқатып тұр. Осылайша, кәсіпкер іс бастауға кедергі келтіріп, пара беруге итермелеп тұр”, – деді палата сарапшысы.
Кәсіпкер болса, уақытының зая кетіп, қымбатқа сатып алынған құрал-жабдықтың қаңырап тұрғанына налиды. “Құжатты аламыз деп үш ай жүріп қалдық. Бизнес үшін әр күн қымбат. Арнайы құрылғыларды алуға миллиондаған қаржы салдық. Қазір бір құжаттың кесірінен ол құрал-жабдық қоймада шаң басып жатыр. Шаруамыз қаңтарылып қалды”, – дейді өкпесі қара қазандай болған жеке кәсіпкер Татьяна Мошан.
Кеңес отырысына қатысқан қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің әдіскері Виталий Янышев өз әрекеттерінің заңды екеніне сенімді. Ал жауаптардың әр алуандығын арыздарды қарау кезінде бөлімде маман жетіспей, оларды қолы босағаны қарап, әртүрлі жауап бергенімен түсіндірді.
– Сәулет-жобалау тапсырмасын дайындап берген күннің өзінде алда эскиздік жоба қарастырылғанда жолдың жанасуына қатысты құжаттың болмауы, стансаға барар-шығар жолдардың анықталмауы арызды қайта қарауға әкеліп соқтырады. Біз бұл істі әдейі созып отырған жоқпыз, кәсіпкердің құқығын да бұзғымыз келмейді. Сондықтан техникалық шарттар және жолдың жанасуы мәселесін қазірден шешіп алу қажет деп есептейміз, – деп түсіндірді Виталий Янышев.
Бірақ кеңес мүшелері мұнымен келіспейді. “Бұл отырыста біз газ құю стансасын салу үшін қажетті сәулет-жоспарлау тапсырмасын алуда туындаған кедергілердің заңсыз екенін айтып отырмыз. Жолдың жанасуының бұған қатысы жоқ. Егер кәсіпкер осы мәселемен арызданса, сәулет-жоспарлау тапсырмасы қайда деп қайта бетін қақпақсыңдар ғой? Сәулет-жоспарлау тапсырмасын алмайынша, мына құжатты жасамаймыз деп шықпайтындарыңа кім кепіл? Бұл жерде нақты жауап керек. Құжатты дайындап беруден бас тартуға шынымен заңды негіз бар ма?” – деп қорытындылады Тимур Елеукин.
Кәсіпкерді сергелдеңге салған құжат мәселесі жақын арада оң шешімін таппаса, кеңес мүшелері анықталған фактілер туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жергілікті департаментіне жүгініп, кәсіпкердің құқығын қорғамақшы. Қалалық әкімдіктің аппараты берген ақпаратқа қарасақ, бөлімнің әдіскері осы ісі үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылып үлгеріпті. Бірақ кәсіпкердің арызы әлі күнге шешімін тапқан жоқ.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.