«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕРЛЕР КҮНІ БЕЛГІЛЕНДІ Ол ай сайын өткізіледі

Өңіріміздегі орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға атсалысатын және олардың құқығын қорғайтын мемлекеттік мекемелер бұдан былай әр айдың бірінші аптасындағы жұма күні “Кәсіпкерлер күнін” өткізуді ұйғарып отыр.

Бұл кәсіпкерлікке, әсіресе, ауылдық жерлердегі бизнес субъектілеріне қолдау көрсетудің тағы бір тетігі болмақ. Облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев оның мақсаты мен жоспарын қысқаша пысықтап өтті. Бизнесті дамытудағы қаржы мәселесі көп жағдайда екінші деңгейдегі банктер арқылы шешілетінін тілге тиек еткен Мұхтар Наурызбайұлы қаржы институттарының қызмет көрсету үдерісінде кәсіпкерлердің жолын тежейтін жайттардың жиі болып тұратынын алға тартты.

– Кәсіпкерлерді қаржыландыру немесе олардың құқығы төңірегінде туындап жататын мәселелерді оңай шешу үшін бір орталықтан қызмет көрсету тәсілі қолға алынып отыр. Кәсіпкерлер, әсіресе, ауыл тұрғындары үшін қаржы көздері мен мемлекеттің қолдау тетіктері бойынша ақпарат қолжетімді болуы керек, – деді Мұхтар Манкеев.

Аталмыш шараны облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы, өңірлік кәсіпкерлер палатасы және “Даму” қорының филиалы өткізіп тұрады. Сондықтан онда кез келген кәсіпкерге заңгер, экономист, менеджер тегін қызмет көрсетеді. Ауылдық жерлердегі бизнеске ыңғайы бар тұрғындар аудан әкімдігіне барып, жай-жапсарды пысықтай алады.

Кәсіпкерлікке арналған бірінші күні 30 адам өзін толғандырған сауалдар бойынша жауап алды. Сонымен Кәсіпкерлер күні әр айдың бірінші аптасындағы жұма күні облыс орталығындағы “Даму” қорының кеңсесінде өткізілмек.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp