Қызылжар ауданындағы Архангелька елді мекенінде 300-дей отбасы тұрса, жартысына жуығы – өзіміздің қаракөздер. Оларды Алла тағаланың жердегі үйі – мешіттің жоқтығы көптен бері толғандырып жүретін. Былтырлары соның сәті түскендей болды. Көптен иесіз тұрған пошта үйін өз күшімізбен жөндеп, мұсылмандар ғибадатханасына айналдырайық деген ұсыныс-тілегімізді “Қазпошта” АҚ-ның басшылығы түсіністікпен қабыл алды. Рұқсатын бергеннен кейін ұйымдастыру алқасы құрылып, төрағалығына тәжірибесі мол Бақыт Бәукенов сайланды. Оған барлық құжаттарды ресімдеу сеніп тапсырылды.
Тұрғындардан бір миллион теңгеге жуық қаражат жиналып, оған ғимараттың төбесі, есік-терезелері қалпына келтірілді. Жиhаз, ыдыс-аяқ сатып алынды. Құдық қазылып, су тартылды. Алайда, қаражат тапшылығынан жақсы іс жалғасын таппай қалған болатын. Ұйымдастыру алқасы тығырықтан шығудың жолын іздестіре келіп, жергілікті кәсіпкерлерге қарата үндеу жариялауды жөн көрді. Шыны керек, коронавирус індеті алқымнан алып, қиындыққа тіреген қазіргідей жағдайда кім қол ұшын бере қояр екен деген күдіктің болғаны рас. Жоқ, өтінішімізге Анатолий Шишомойн бірден құлақ асып, 1,5 млн. теңге аударды. Владимир Никитин 1,4 млн. теңге табыс етті. Олег Иванов 300 мың теңге әкеп берді. Әлішер Оразымбетов пен ағайынды Ыбыраевтар әрқайсысы 100 мың теңгеден көмек қолын созды. Юрий Перепечин жуық арада есепшотқа қаржы аударуға уәде етті.
Бұл азаматтар округ аумағында егін егіп, мал өсіріп, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Қайырымдылық шараларына да белсене қатысады. Оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Құрылыс бригадасы қайтадан іске білек сыбана кірісіп, болашақ мешіт үйінің жөндеу жұмыстары қайтадан жанданып сала берді.
Әлім ТӨЛЕБАЕВ,
ұйымдастыру алқасының мүшесі.
Қызылжар ауданы.