Өзара ынтымақтастықты дамыту нәтижесінде өңір экономикасының барлық саласында оң көрсеткіштерге қол жеткізілуде. Өнеркәсіпте облыстың экспорттаушы кәсіпорындарының саны 15 пайызға өсті. Ұн экспорты 47 есе артты, оның көлемі 2011 жылғы 0,2 мың тоннадан 2013 жылы 9,4 мың тоннаға дейін ұлғайып отыр. Ресейде облыс кәсіпорындарының өкілдіктері жұмыс істей бастады, мысалы, Омбы қаласында “Блок” ЖШС-і мен “Молпродукт” ЖШС-нің өз өкілдіктері бар. Осындай алыс-беріс жұмыстары Екатеринбург, Новосибирь және Уфа қалаларымен де орныққан.
Облыстың ауыл шаруашылығы бидай экспортын 5,2 есе арттырып отыр. Ол 2011 жылғы 35,6 мың тоннадан өткен жылғы 186,3 мың тоннаға жетті. Өзара ынтымақтастық шараларында кедендік аймақтағы әріптесіміз – Ресейдің алатын орны зор. Бүгінде облыс одан дәнді дақылдардың элита тұқымын сатып алуды 7,7 есе көбейтіп, 461 тоннаға жеткізді. Өткен жылы көрші елден 42 астық сеялкасы жеткізілді.
Екі ел арасындағы ынтымақтастық бар салада көрініс табуда. Мысалы, көлікке қатысты айтар болсақ, Ресейдің шекаралас өңірлері мен Петропавл қаласының арасында қалааралық пойыздар жүреді. Жолаушылар тасымалы 7,4 пайызға көбейді. Байланысты дамытудың арқасында көршілес өңірлермен тауар айналымы 15 пайызға артып, өткен жыл соңында 778 миллион долларды құрады. Соның ішінде экспорт 2,5 есе өсіп отырғанымен, әзірге біздің көрсеткішіміз төмендеу – 77 миллион доллар көлемінде. Енді Еуразиялық экономикалық одақ аясында тынысымыз кеңіп, бұл бағытта пәрменді жұмыс жүргізіледі деп күтілуде.
Шекаралық және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту экономикалық интеграцияны жетілдірудің тетігі болып табылады. Облыста оны табысты жүзеге асырудың қуаты жеткілікті. Айталық, “Астана – Щучинск – Көкшетау – Петропавл” автомобиль жолының 211 шақырымын жаңғырту Ресей инвесторларын тарта отырып, жолдың бойындағы инфрақұрылымдарды дамытуға мүмкіндік жасайды. Сондай-ақ, Омбы облысына қосылатын 60 шақырымдық темір жол торабын қалпына келтіру өңіраралық жүк тасымалын арттырады, соның ішінде Ресейге біздің қиыршық тасымызды жөнелтуге мүмкіндік береді. Ал Петропавлдағы халықаралық әуежайды қайта жаңғырту оған екінші тыныс бітіріп, екі ел арасындағы іскерлік байланыстарға септігін тигізеді.
Облыстағы “ЗИКСТО” АҚ, “ПАМЖ зауыты” АҚ және “Мұнаймаш” АҚ сияқты ірі машина жасаушы кәсіпорындардың 36 мың шаршы метрден астам бос алаңдары ресейлік әріптестермен бірлескен өндіріс орындарына айналып, өнеркәсіп өндірісі көлемін 6 миллиард теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.