«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕРЛІК КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙЕ ТҮСПЕК

Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында Нұрсұлтан Назарбаев жаңа жаһандық нақты ахуалда еліміздің даму бағытына ерекше назар аударды. Дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағытының төртеуі бизнес өкілдеріне арналған.

Қаржы секторын тұрақтандыру, бюджет саясатын оңтайландыру, жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру, жаңа инвестициялық саясат – бұл тек мемлекеттік секторда ғана емес, шағын және орта, ірі бизнес үшін де жаһандық бағыт болып саналады. Экономиканың өңдеуші кәсіпорындары бүгінде өсу үстінде. Алайда, жыл басында олар ұлттық валюта бағамының тежелуіне байланысты күрделі проблемаларға ұшыраған болатын. Елбасымыз Жолдауда атап өткендей, жаңа экономикалық саясатта Ұлттық қор қаржысын ағымдағы шығындарға пайдалану тоқтатылуы тиіс. Бұл өз кезегінде бизнестің сәтті дамуына жағдай жасауға мүмкіндік бермекші. Сонымен қатар, жарқын болашақтың кепілі ретінде бәсекеге қабілеттілікті арттырады.

Елбасының тапсырмаларының ең маңызды тұсы Үкіметке барлық бюджеттік бағдарламаларға толық ревизия жүргізуі дер едім. Облыстық кәсіпкерлер палатасы да бұған дейін бірнеше мәрте мемлекеттік бағдарламалардың бірқатар тармақтарына түзету енгізу туралы бастама көтерген болатын. Біздің мақсатымыз – бизнес саласындағы әкімшілік бөгеттерді анықтап, тиімсіз бағыттардан бас тарту. Мемлекеттік шығындар мен демеуқаржы – кәсіпкерлікті қолдауға көрсетілген ерекше қамқорлық. Бірақ мемлекеттік қолдау шаралары барлық өндіруші кәсіпорындарға бірдей болуы керек. Осы жағдайда ғана аймақтық, әлемдік нарықта экспорттық әлеуетіміз ерекше қарқын ала түседі. Бизнестегі маңызды ақпараттың бірі еліміздегі салық жүйесін қайта қарау болып табылады. Қосымша құн салығының орнына сатудан түсетін салықты енгізу туралы кәсіпкерлер бұрын да айтқан болатын. Өйткені, салық саясатының мөлдірлігі мемлекетке ғана емес, бизнеске де тиімді. Себебі, ешкім де тәуекелге барып, «заң бұзушы» деген атақ алғысы келмейді. Егер Үкімет салық саласының мөлдірлігін қамтамасыз етсе, көлеңкелі бизнеске тосқауыл қойылары сөзсіз.  

Тұрар ЫСҚАҚОВ,

облыстық кәсіпкерлер палатасының

директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp