Жуырда солтүстікқазақстандық боксшылар – Мұрат Тұрманбетов пен Евгений Павлов шаршы алаңда сәтті өнер көрсетіп, кәсіпқой рингтағы екінші жеңістеріне қол жеткізді.
Жас спортшы Мұрат Тұрманбетов Алматы қаласында өткен “MTK Fight Night” бокс кешінде кәсіпқой бокстағы екінші кездесуінде жеңіске жетті. Жерлесіміз рингте Орал қаласының өкілі Жандыр Сұлтанғалиевпен қолғап түйістірген болатын. Петропавлдық боксшы қарсыласынан 40:36 есебімен басым түсті.
Ал Атырау қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінде Евгений Павловтың жолы болды. Жерлесіміз 55,2 килограмм салмақта Танзания елінің өкілі – Гудлак Мремамен (23-5, 13КО) жұдырықтасты. Екінші жеңіл салмақта өткен жекпе-жек барысында жерлесіміз қарсыласын нокаутқа жіберді.