«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨККЕ КӨЗ ТІККЕН ҚЫЗ

Авиация – үлкен жауапкершілік пен дәлдікті талап ететін сала. Мұнда нәзік жандар сирек кездеседі. Жерлесіміз Айжан Ахмадиева әлемдегі ең ірі әуе компаниясы – «Emirates Airline» -де жұмыс істеп жүрген білікті маман. Мыңдаған әуе кемесінің бағытын жоспарлайтын арумен уақыт айырмашылығы, жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан түнде «Zoom» платформасы арқылы тілдестік.

Айжан Ахмадиева – Есіл ауданындағы Оседлое ауылының тумасы. Кішкентай кезінде отбасымен Петропавл қаласына көшіп келген. Бастауыш сыныпты №17 мектепте оқып, кейін Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепке ауысады. Бала кезінен білімге құштар жан мектепті тамамдаған соң Петропавл қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы педагогикалық колледжге оқуға түседі.

Алғашқы еңбек жолын мектептен бастайды. Бірақ оның болашаққа деген арманы мен қызығушылығы өзге бағытқа жетеледі. Ол авиация саласына бет бұрып, білімін Орталық Азия университетінің Петропавлдағы филиалында жалғастырады. Осылайша тағдыры мүлде басқа арнаға бұрылып, болашақта үлкен жетістіктерге жетелейтін жолға қадам басты.

Айжанның авиациядағы алғашқы жолы Қазақстанның жетекші әуе компаниясы – «Air Astana»-да басталды. Бұл салада әйелдер аз болғанымен, ол өзінің білімі мен біліктілігінің арқасында үздіктердің қатарынан көріне білді. 9 жыл бойы осы компанияда еңбек етіп, тәжірибе жинақтады.

Кейін Біріккен Араб Әмірліктерінің Әбу-Даби қаласындағы әлемге әйгілі «Etihad Airways» авиакомпаниясының «Network Control Center», яғни ұшу қызметін үйлестіру орталығына шақырту алып, сонда тағы 9 жыл қызмет атқарды. Мұнда ол жолаушылар ұшақтарының бағытын жоспарлау, қауіпсіздік шараларын бақылау, ауа райының өзгерістерін ескере отырып, ең тиімді бағыттарды құру сынды маңызды міндеттерді атқарды.

Бүгінде қайсар мінезді ару әлемдегі ең ірі және беделді әуе компанияларының бірі саналатын «Emirates Airline»-нің Дубай қаласындағы «Flight Dispatch» бөлімінде жұмыс істейді. Бұл – ұшу операцияларын басқарудың күретамыры іспетті маңызды орталық, мұнда штурмандар әуе кемелерінің бағытын реттеп, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

«Flight Dispatcher» немесе «штурман» – ұшу жоспарын құрып, әуе кемесінің бағытын, жанармай шығынын, ауа райы жағдайларын, ұшақтың салмағын және ұшу кезіндегі барлық тәуекелдерді есептейтін маман. Бұл қызметті «жүрегі» деп айтуға болады. Ұшқыштар әуеде басқарса, штурмандар жерде отырып, әрбір детальді бақылап, ұшақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Маманның айтуынша, бұл салада жұмыс істеу үшін жоғары жауапкершілік, математикалық дәлдік және тез шешім қабылдау қабілеті қажет.

– Әрбір рейс үлкен дайындықты талап етеді. Ұшу алдында біз ауа райын зерттеп, ықтимал қауіптерді сараптап, ең тиімді бағытты есептейміз. Ұшқыштардың сенімді ұшуы бізге тікелей байланысты, – дейді Айжан Ахмадиева.

«Emirates Airline» – халықаралық әуе тасымалы саласында ең жоғары қауіпсіздік стандарттарын ұстанатын компаниялардың бірі. Статистикаға сәйкес, бұл компания құрылған сәттен бастап, яғни 1985 жылдан бері бірде-бір ірі әуе апатына ұшырамаған. Бұл – білікті мамандар мен жетілдірілген технологиялардың, кәсіби ұжымның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Қазіргі таңда Emirates Airline-да 100-ден астам ұлттың өкілдері қызмет етеді, оның ішінде қазақ қыз-келіншектері де бар. Олар тек бортсерік ретінде ғана емес, инженерия, басқару, авиация қауіпсіздігі және штурмандық қызметтерде де біліктіліктерін көрсетіп жүр. Айжан Ахмадиева да – осындай ерекше мамандардың бірі.

– Мен бұл салада әйелдерге де мүмкіндік бар екенін дәлелдегім келді. Авиация – тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін орта. Мұнда эмоцияға емес, дәлдікке, ережеге сүйену керек. Осы талаптарға сай болған адамға ешқандай кедергі жоқ, – дейді қазақ қызы. Оның жетістігі – қажырлы еңбек пен мақсатқа адалдықтың айқын көрінісі.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp