
8 қыркүйек күні кешкісін Петропавл қаласы сыртындағы айналма жолда, Шаховское ауылына апаратын бұрылыстың маңында Петропавл қаласының 2000 жылы туған тұрғыны басқарған «Honda Accord» және 1960 жылы туған Толмачевка ауылының тұрғыны басқарған «Volkswagen Jetta» автокөліктері соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан электр жабдығының қысқа тұйықталуы себепті «Volkswagen Jetta» өртеніп, оқиға орнында толығымен жанып кетті.
Апат болған жерге екі «Жедел жәрдем» шақырылды. Апатқа ұшыраған көліктердің 1960 және 1998 жылдары туған екі жолаушысына қалалық ауруханаларда медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді.
Медициналық куәландырудың қорытындысы бойынша екі жүргізуші де жол-көлік оқиғасы кезінде сау болған.
Жол-көлік оқиғасы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдар жинақталып, процессуалдық шешім шығару үшін Петропавл қалалық полиция басқармасының әкімшілік полиция бөліміне жолданды.