«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көмір жеткілікті

Биыл әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлерге жылу беру 25 қыркүйекте басталуы тиіс. Уақыттың тығыздығына қарамастан, дайындық жұмыстары алдын ала жасалған жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіровтің айтуынша, тұрғындарды көмірмен қамтамасыз етуге байланысты да ешқандай қиындық жоқ.

– Қазіргі уақытта облыстың 35 темір жол тұйығында қара отын қоры бар. Кәсіпкерлердің қоймаларынан көмір еш кедергісіз сатылуда. Қысқы маусымда облыс тұрғындарына жалпы 393 мың тонна көмір қажет. Әзірге қара отынның 238 мың тоннасы ғана дайындалды. Бұл – жалпы қажеттіліктің 61 пайызы. Көмір кеніштері және “Қазақстан темір жолы” АҚ-ымен облыс әкімдігі арасындағы жасалған ортақ келісімге сәйкес көмір уақытында жеткізілуде. Облыстың әлеуметтік нысандары қара отынмен толықтай қамтамасыз етілді, – дейді Әділбек Бағдатұлы.

Дегенмен, Петропавл қаласында бұл жұмыс әлі де сылбыр жүргізілуде. Жеке сектор тұрғындары қара отын сатып алуға асығар емес. Қыркүйек-желтоқсан айларында кезек көбейетіні белгілі. Сондықтан бұл айларда тұрғындар дүрлікпеуі үшін көмірді ертерек сатып алу қажет. Басқарма басшысының айтуынша, көмірдің былтырғы бағасы биыл да сақталмақ. Тек темір жол тасымалы қызметінің қымбаттауына байланысты кейбір жерлерде баға 200-400 теңгеге ғана өсуі мүмкін.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp