Облыс орталығындағы С.М. Киров атындағы зауыттың аумағында ХІХ ғасырдың ортасында салынған мешіттің қираған ғимараты бар. Бүгінде жеке меншіктегі нысанды мемлекет қорғауына алып, қалпына келтіру мәселесі қарастырылуда.
Қазір Петропавл қаласында бес мешіт жұмыс істеп тұр. Ал осыдан бір ғасыр бұрын қалада 9 мешіт болған екен. Олардың алтауы – тастан, ал үшеуі – ағаштан тұрғызылыпты. Петропавлдағы алғашқы мешіт XVIIІ ғасырдың 70-ші жылдарында салынған. Оған негізінен қалаға жәрмеңкеге келетін жандар жиі соғады екен. 1795 жылы Ойқалада тастан тағы бір мешіт тұрғызылыпты. Ал өзге мешіттер XIX ғасырда салынған. Сол кезде қазіргі С. М. Киров атындағы зауыттың аумағында да құлшылық ететін осындай ғимарат бой көтерген.
– Тұрғындар арасында аталған мешіт Давлеткильдеевтің, Ташкент, Сарт, Қоқан мешіті деп те аталған. Өйткені тас мешіт 1857 жылы уақытша бой көтерген сарттардың ағаш ғимаратының орнына салынады. Ташкенттіктердің тастан мешіт тұрғызуға қаржылары болмай, құрылысты Қазан губерниясының көпесі Хасан Бикбов, көпес Мұхаметжан Давлеткильдеев өз мойындарына алған, – деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Динара Беркуталимова.
Соборлық мешіттің негізі 1857 жылы қаланған. 1855 жылы қыркүйектің 21-інде Ресейдің ішкі істер министрі бас жолдар басқармасына қоғамдық ғимараттардың, оның ішінде Петропавл қаласындағы мешіттің жобасын жолдайды. Тарихи деректерде бұл жобаның 1856 жылдың 19 желтоқсанында мақұлданып, оның құрылысына қаладағы азияттық саудагерлердің тартылғаны жазылған.
Мешіт тастан бір қабатты ғимарат ретінде қаланып, жанынан екі деңгейлі, ұшына қарай сүйірленген күмбезі мен алтын жалатылған айы бар мұнара салынады. Мешіттің кіре берісіне ағаштан ойылып жасалған есік орнатылған. Ғимараттан сегіз терезе шығарылады. Бірақ бүгінде құлшылық үйінің мұнарасы ғана сақталған. Кеңес заманында бұл мешіт Киров зауытының қосалқы сақтау орны ретінде пайдаланылды. Сондықтан ескі ғимараттың қабырғалары құлап, қирап қалған. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мамандарының айтуынша, 1895 жылы бұл мешітке Мухамметхафиз Абдрашитов деген кісі имам болып тағайындалады. Мешітке сол жылдары шамамен 350 ер адам мен 200-ден астам әйел тұрақты барып, намаз оқып, түрлі діни шараларға қатысып тұрыпты. 1937 жылы мешіттің имамы Абдрашитов ату жазасына кесіліп, нысан жұмысын тоқтатады. Жергілікті мешіт жайлы біраз ақпарат Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы мемлекеттік тарихи архивтен, Башқұртстанның ұлттық архивінен табылған. Кей деректер жергілікті архивте де бар. Архив құжаттарында, кезінде соборлық мешіттің жанында медресе болғаны туралы мәлімет кездеседі. Мұсылманша хат таныту орны 1862 жылы іске қосылып, Магомед училищесінің жобасы бойынша жұмыс істепті. Оның үздіксіз қызмет етуі үшін осы жерде тілін сындырған шәкірттердің ата-аналары көмек көрсетіп, мешітке келген діндар жамағат пітір-садақа беріп отырған. Тағы бір деректерде Девлеткильдеев көпестің мешіт жанынан мектеп пен дүкен салғаны жайлы айтылады. Жан-жақтан табылған мәліметтер бұл ғимараттың тарих және сәулет ескерткіші екенін растайды. Сондықтан 2021-2022 жылдары бұл сәулет ескерткішін қалпына келтіру жоспарланып отыр.
– Қазір жылжымайтын мүлікті коммуналдық меншікке өткізу жұмыстары басталды. Сонымен қатар жобалық-сметалық құжаттама да дайындалады. Одан соң, екі жылда мешітті қалпына келтіретін боламыз, – деді Динара Беркуталимова. Мешіт жаңа кейіпке енген соң, онда Ислам мәдениетінің музейі жасақталады.
Айта кетейік, қазір қалада сәулет ескерткіші саналатын екі мешіт бар. Қос нысан да толыққанды жұмыс істеп тұр. Енді олардың қатарын С. М. Киров атындағы зауыт аумағындағы тарихи ғимарат толықтырмақ.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.