«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨПТЕН КҮТКЕН ҚУАНЫШ

Петропавлдағы Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандан­ды­рылған облыстық гимназия-интернат пен отбасылық үлгідегі жетім балалар ауы­лының арасы – 110 метр ғана. Бұл аралық­та қазір таспадай тартылған асфальт жол жар­қырайды. Бұрын ойқы-шойқы болып, астаң-кес­теңі шығып жататын. Нұр-Сұлтан, Алма­ты жақтан келген мәртебелі мейман­дар мұн­да ат басын тірегенде олар емес, жетімдер үйінің басшысы Арыстан Әкімжа­нов бар мәселе өзіне тіреліп тұрғандай жер­ге кіріп кетердей ұялатын. Шама келсе, қо­нақтарды жолатпауға тырысатын. Бірақ жо­ғарыдан нұқсау түссе, амалсыздан мойын­сұнатын.

1 маусым – Халықаралық балаларды қор­ғау күні сыйлық үлестірушілердің қара­сы молайғанымен, беткі жабындысы опы­ры­лып, шаңы шығып жататын жол осы ма­ңай­да ойнап жүретін тәрбиеленушілер үшін үлкен қауіп-қатер төндіретінін ешкім елеп-ескермейтін. Жергілікті БАҚ беттерін­де қанша жазылса да, уәденің соңы ащы ішектей созылып, су аяғы құрдымға кететін. “Басы ауырмастың қасында жаны ашымас” де­гендей, жайшылықта “бар жақсылық – ба­лаларға” дегенде алдарына жан салмай­тын талай әкім-қаралардың емен есіктерін “110 метрдің” жоғын жоқтап, мұңын шаққан бір жапырақ хат 13 жыл бойы аралап, табан тоздырыпты. Бірінші хат 2007 жылы сол кездегі қала әкімі Владимир Никандровтың атына жазылып, 2020 жылдың қыркүйегін­де ғана ентігін басқан тәрізді. Әбден қорда­ла­нып, түйіні тарқатылмайтындай көрінген шетін мәселеге қала басшысы Болат Жұ­мабеков тікелей араласып, шешіп беріпті. Ең бастысы, ниет, құлық болсын деңіз.

Қуанышты хабарды директордың аузы­нан естіп, ақыры келгеннен кейін тағы қан­дай жаңалық барын сұрастық. Оның айтқа­ны жанға жайлы тиіп, құлаққа жағымды ес­тілді. Биыл 11 мамырда Білім және ғылым министрлігінің “Педагогикалық этика тура­лы” шешімі шығыпты. Соған сәйкес әр білім ұйы­мында мұғалімдердің педагогикалық этикаға жат қылықтарын талқылайтын ке­ңес құру қолға алыныпты. Кеңес құрамына осы ұжым, білім саласы, кәсіподақ, қоғам­дық ұйым өкілдерінен құралған 7 адам еніп­ті. Бұған дейін дау-дамайлар, түскен арыз-шағымдар әкімшілікте қаралып келсе, енді жаңа тәртіп бойынша алқа түрінде шешім алынады. Кеңес жұмысы 2019 жылы 27 жел­тоқсанда қолданысқа енген “Педагог мәр­тебесі туралы” Заң шеңберінде қамта­ма­сыз етіледі. Арыстан Мырзахметұлы өт­кен­ді еске түсірді. 2014 жылы екі тәрбиеші арасында кикілжің орын алыпты. Екеуі де кінәларын түсінген болу керек, өз еріктері­мен қызметтен кетіпті. Содан бергі аралық­та ондай оғаш жайт байқалмапты. Оның пі­кірінше, кез келген мәселені көпшілік болып талқылау қателіктерден, шалыс басудан сақтандырады. Ең бастысы, жеке жауап­кершілік нығайтылады.

Өткен оқу жылы аяқталғанда мұнда 43 бала болыпты. Үшеуі 18 жасқа толып, жас­өспірімдер үйіне орналасқан. 9 бала кол­леджге түскен. Қалған 31-і бес үйде тұ­ра­ды. Оларға он тәрбиеші қызмет көрсе­теді. Тәрбиеленушілер білімдерін қашықтан оқы­ту режімінде жалғастыруда. Компьютер жет­кілікті. Облыстық білім басқармасы та­рапынан 1,4 млн. теңге бөлініп, тағы 6 ком­пью­тер сатып алынбақ. Тек ұялы теле­фондар жағы аздық ететін көрінеді. Уәде берген демеушілерге үміт артып отырған жайлары бар. Әр үй интернетке қосылған.

“31 баланың біреуі – тұл жетім, яғни әкесі де, шешесі де жоқ. Оған айына 38 мың тең­ге мөлшерінде жәрдемақы төленіп, банкіде ашылған есепшотқа аударылып отырады. 30-ы “қорғансыз” деген мәрте­беге ие. Мә­селен, анасы қайтыс болса, әкесін бала біл­се де, білмесе де тірі жүр деген сөз. Бұ­ларға жәрдемақы төленбейді. Күнделікті та­ға­мы­на 1300 теңге бөлінеді”, – деді от­басылық үлгідегі жетім балалар ауылының директо­ры Арыстан Әкімжанов сөз со­ңында.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp