«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨПЭТНОСТЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ КІШКЕНТАЙ ҰЯСЫ

№17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешені – көпэтносты мемлекеттің кішкентай ұясы. Мұндағы 10 ұлттық бөлімнің Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істейді.

“Бірлік” бағдарламасын жүзеге асырып, этносаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, қазіргі заманғы қазақстандық қоғамның өміріне балаларды жұмылдыруды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жолдарды іздестіру – мектептің ұстанған басым бағыттарының бірі.

Әр баланың білімі мен тәрбиесіне ерекше мән беріп, олардың жүрегіне татулық пен достық дәнін себудегі нәтижеміз қандай? Оны балалардың өзінен білу мақсатында мектеп оқушыларына “Достық деген не?” тақырыбына шығарма жаздыртқан болатынбыз. Солардың бірқатарының үзіндісін келтіре кетуді жөн санап отырмын.

Мысалы, Владислав Самусенко: “Достық – бұл адамдар арасындағы қарым-қатынас. Нағыз достық негізінде түсіністік, бірлік пен махаббат жатыр. Біздің сыныпта қазақ, украин, татар, тәжік, орыс, неміс балалары оқиды. Біз татумыз”, – десе, Никита Мартынов: “Меніңше, адам өмірі достық қарым-қатынассыз болуы мүмкін емес. Әр адам өміріндегі қуанышын да, қайғысын да достарымен бөліседі. Өйткені, осындай сәттерде көмек-жәрдемді достарынан көреді. Олар қамқор бола алады. Достық – ол бақыт, оны қадірлей білу керек”, – деп жазыпты.

Бұл балалардың ойы. “Тәрбие – тал бесіктен” дегендей, біз олардың бойына бауырмалдық, жанашырлық, ынтымақтастық сезімдерін бастауыш сыныптардан бастап сіңіріп отырамыз.

Таяуда Ресей Федерациясының Түмен және Солтүстік Қазақстан облыстары арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайту және сақтау мақсатында өткен этнофестивальға біздің мектептің оқушылары Олег Девяткин, Өмірхан Ризабек, Тәттігүл Амантаева қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Олар Ресей сахнасында өнерлерін көрсете отыра, өз еліне, Отанына деген сүйіспеншіліктерін паш етті.

Елімізде ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында мемлекетіміз өркендеп келеді. Қазақстанның көпэтносты халқының татулығы, ынтымағы мен бірлігі, бейбітшілігі – еліміздің ең басты байлығы. Ендеше, қолда бар байлығымызды қадірлей білейік.

Қорлан ЖАЙСЕНБАЕВА,

№17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp