Коронавирус індеті белең алған тұста сырқаттардың өмірін сақтап қалуда алғы шепте болған ақ халатты абзал жандарды бүгінгі күннің қаһармандары десек, артық айтқандығымыз емес. Олар өмірін тәуекелге тігіп, көзге көрінбейтін жауды ауыздықтауға бар күш-жігерін жұмсады. Бұл ретте Ақжар ауданындағы Талшық ауылының тумасы, бүгінде елордадағы “Ұлттық ғылыми медициналық орталығы” акционерлік қоғамында қызмет ететін жас дәрігер Анар Шәпенованың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Ол біліктілігі мен бойындағы адалдық, мейірімділік сияқты ізгі қасиеттерінің арқасында талай науқастың көңіліне үміттің отын жаға білді.
Гиппократ антын берген азаматтар адамға қамқорлық танытуда өзгелерден бір қадам ілгері жүретіні сөзсіз. Адамзатты құтқару жолында аянбай еңбек етіп жүрген кардиолог-дәрігер Анар Шәпенованың ата-анасы жуырда академик, профессор Абай Байгенжиннің Алғыс хатына ие болды. Онда: “Құрметті Мұхамед Мұхамедьярұлы мен Бақытжан Балтинқызы! Анар сияқты қызды тәрбиелеп өсіргендеріңіз үшін сіздерге зор ризашылығымды білдіремін. Ол қиын кезде таңның атысы, күннің батысы демей, қауіпті індетпен күресте алдыңғы шепте жүрді. Адамзат денсаулығын басты орынға қойып, қажымай, талмай, еңбек етті” делінген. Профессор жас дәрігердің жемісті еңбегіне жоғары бағасын беріп, оның отбасына зор алғысын жеткізіпті.
Анар Мұхамедқызы 2007 жылы Ақжар ауданындағы Талшық орта мектебін тамамдаған. Бүгінде оның суреті білім ордасының “үздік түлектер” құрмет тақтасында ілулі тұр. Ұстаздар өсіп келе жатқан ұрпаққа ақ халаттының еңбекқорлығын әңгіме етіп, үлгі тұтуда.
Болашақ дәрігер сәби кезінен бастап ата-анасынан тек жақсы қасиеттерді сіңіріп өсті. Мұхамед пен Бақытжан Шәпеновтер – бақытын адал еңбектен тапқан жандар. Отбасы берекесі мен тыныштығын қалыптастыру жолында аянған емес. Ата-ананың осындай өмірлік ұстанымы балалары Анар мен Беріктің бойына да дарыды. Екеуі де үлгілі, тәртіпті, оқуда алғыр, өз ортасында тәрбиелі балалар ретінде танылды.
Олар менің балаларыммен бір көшеде, бір аулада өсті. Ұл-қыздарымыз бірге ойнап жүргенде Анар “Жедел жәрдем” дәрігері болып, кішігірім жарақаттанып қалған балаларға қол ұшын созуға дайын тұратыны есімде қалыпты. Аналары үрейленіп, дауыс көтеріп жатқанда ол йод пен бинтін ала жүгіріп, “сырқатқа” алғашқы көмегін көрсете кететін. Сөйтіп, ауыл медбикесін шақыртудың қажеті болмай қалатын. Ауыл тұрғындарының көбі сол кездің өзінде талапты қыздан болашақта жақсы маман шығатынын болжайтын. Талайымыз: “Анар, сенен жақсы дәрігер шығады”, – деп айтушы едік. Ол жай ғана күлімсіреп қоятын. Кейін оқуды тамамдаған соң ақыры осы жолды таңдап, Нұр-Сұлтандағы медициналық университетке оқуға түсті.
Анар атасы Мұхамедияр Шәпеновтің ақ батасымен бес жыл бойы кардиолог мамандығын игерді. “Дәрігерлер мен мұғалімдердің беделі қашан да зор болған. Біздің ауылдың өзінде адам денсаулығы мен тәрбиесіне зор жауапкершілікпен қараған өз ісінің нағыз білгірлері еңбек етті емес пе?! Сен олардың және біздің атымызға кір келтірмеуге тиіссің. Өз мамандығыңа лайықты бол, адал еңбек ет”, – деген ақсақалдың сөздерін жүрек түкпірінде сақтаған жерлесіміз қызметін қашан да абыройлы атқаруға тырысып келеді.
Анар Мұхамедқызы біліктілігін арттыру мақсатында “Анестезиология және реанимация” мамандығы бойынша білімін жетілдіріп, бүгінде кардиолог қызметін абыройлы атқарып жүр. Ұлттық ғылыми медицина орталығының қабырғасында күн сайын ауыр науқастарды қабылдап, ем-дом жасайды. Коронавируспен күрес кезіндегі ахуалды көзіне жас толы былай деп еске алды: “Алғашқы жұмыс күнім. Жан сақтау бөліміне бір әже түсті. “Жасы ұлғайған кейуанаға бірдеңе болып қалса, қайтемін?” деген қорқыныш бойымды билеп алды. Сәлден соң 50 жастағы әйел жеткізілді. Олардың өкпені жасанды желдету аппараттарының көмегімен дем алып жатқанын көргенде жаным ауыратын. Түн баласы көз ілмеген кездерім де кездесті. Бар ойым бір жұтым ауаға зар болған науқастарға үміт сыйлағым келді. Арада бірнеше күн өткеннен кейін сырқаттардың алдыңғы легі сауыға бастады. Қызметіңнің нәтижесін көргенде қанаттанып кетеді екенсің. Бұл – ерекше сезім”.
Болашақта Анар Шәпенованың білікті дәрігер болатынына еш күмәнім жоқ. Өйткені, ол жас болса да адам жанының жанашыры екенін бүгіннің өзінде-ақ дәлелдеп келеді.
Тәттігүл ЗДУӘЛИЕВА,
Жасөспірімдер үйінің директоры.
Ақжар ауданы.
СУРЕТТЕ: А.ШӘПЕНОВА.