Қазақстан полициясы күні қарсаңында облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы Ақан Қажкеновтың блогына тәртіп сақшыларына риза болған өңір жұртшылығынан алғыс хаттар толассыз түсуде.
“Жоғары кәсібилігі, жеделдігі, қайырымдылығы және елгезектігі үшін Есіл аудандық ішкі істер бөлімінің жас учаскелік инспекторы Ерболат Елеукинге алғысым шексіз. Оның отбасына бақыт, ашық аспан тілеймін”, – деп жазады хаттардың бірінде Петропавл қаласының тұрғыны Максим Карабыков. Ол өткен жылдың соңында Есіл ауданындағы Николаевка ауылының маңайында қас қарайған уақытта жол-көлік апатына ұшыраған екен. Ойда жоқта тас жолға шығып кеткен көп жылқыға соғылып, көлікке зақым келтіріледі, өзі де қатты жарақаттанады. Оқиға орнына жедел жеткен учаскелік инспектор Ерболат Елеукин зардап шегушіге алғашқы көмегін көрсетіп, “Жедел жәрдем” шақырады. Содан кейін тәртіп сақшысы бір тәуліктің ішінде жылқы иесін анықтап, оны заң алдында жауапқа тартуға жағдай жасайды.
Ал Жамбыл ауданындағы Макарьевка ауылының тұрғыны Александр Долин Ішкі істер департаментінің басшысына полиция қатарында антына адал жандардың қызмет атқаратындарына ризашылығын білдірді. “Аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы, полиция полковнигі К.Бекбалтин, оның қарамағындағы қызметкерлер: полиция подполковнигі А. Габдуллин, полиция майоры Ж.Айтбаев, полиция майоры С.Әубәкіров сынды азаматтарды ерекше атап өткім келеді. Қылмысты ашу үшін көз ілмей өткізген ұйқысыз түндері үшін оларға мың алғыс”,– дейді ауыл тұрғыны.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінің инспекторы.