Азық-түлік қауіпсіздігі деп мемлекеттегі оның жеткілікті қоры және оларды сатып алуға халықтың мүмкіншілігін қалыптастырған елдегі экономикалық жағдайды айтамыз. Халықтың жеңіл қолжетімділігі және саламатты тамақтану үшін сапалы өнімдер ұсыну – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең маңызды шарты.
Азық-түлік өндіру – маңызды мәселе. Осы мәселенің шешімін табуда мал шаруашылығы басты рөл атқарады. Сондықтан көптеген елдер мал шаруашылығын дамытуға үлкен мән береді. Олар мал басын жай ғана көбейтіп қоймай, тұқымдарын асылдандыру, өнімділігін арттыру үшін жаңа технологияларды игеруді қолға алған. Сондай-ақ, дүниежүзінде халық санының жылдан-жылға көбеюі де бұған үлкен серпін бергізеді. 2015 жылы біздің ғаламшарымыздағы халық саны жеті миллиардтық мәреден асты.
Осызаманғы экономикалық жағдайда, ғалымдардың пікірінше, әлемде азық-түлік қауіпсіздігінің жеті деңгейі қалыптасқан. Олар жаhандық, өңірлік, мемлекетаралық, мемлекеттік, жергілікті, халық ішіндегі әртүрлі топаралық (түсетін түсіміне қарай үй шаруашылығына байланысты) және отбасылық болып бөлінеді. Әрине, әр деңгейдің мәселелерін шешіп, нақты қызметтерін атқаратын субъектілер болғанда ғана азық-түлік қауіпсіздігі мемлекеттік деңгейде шешіледі. Ендеше, деңгейлер бір-біріне тәуелді.
Ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары әлемдік азық-түлік жүйесінің дамуын өндірістік және нарықтық деп аталатын екі кезеңге бөліп отыр. Бірінші кезеңге (1980 жылға дейінгі) мақсаты азық-түліктің абсолюттік өсімі тән болса, екінші кезеңде (1980 жылдан осы уақытқа дейін) аграрлық саланың тиімділігін нарықтық құрылымдар арқылы көтеру талап етіледі. Осылайша, тұрақты даму, ресурстарды үнемдеу, экологиялық қауіпсіздік, аймақаралық ықпалдастық, азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігі XXI ғасырдың азық-түлік саласының негізгі үлгісі болып қабылданады.
Азық-түлік өндірісінің көлемін ұлғайтудағы кездесетін көкейкесті мәселелердің бар екендігіне қарамастан, оның энергетикалық тұтынылуы халықтың жан басына шаққан кезде тұрақты түрде өсіп келеді. Соңғы жылдары сиыр, шошқа және құс еттері, сүт пен жұмыртқа сынды мал шаруашылығының кейбір өнімдерін өндіру ұлғайып отыр. Бүгіндері Ресейде жылына әр адамға 230 кг. сүт, 43 кг. ет, 15 кг. тауық жұмыртқасы өндірілсе, Белорусь пен Қазақстанда бұл көрсеткіштер тиісінше 655 кг., 88,5 кг., 19,5 кг. және 320 кг., 52 кг., 11,5 кг. болып отыр. Алайда, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру осы уақытқа дейін 1990 жылдың деңгейіне жеткен жоқ.
Әлемдік нарықтағы беталысты ескере отырып, азық-түлік мәселелерін шешудің алуан түрлі жолдары мен әдістерінің барына қарамастан, осы күнде ауыл аумағын инновациялық және қалыпты даму негізінде ұлттық өндірістің тұрақтандырылуына қол жеткізу басты бағыт болып табылады. Ауыл шаруашылығы саласындағы ғалымдардың пікірінше, азық-түлік жүйесінің тұрақтылығы нарықтың тиімді жұмыс істеуіне себебін тигізетін аумақаралық және мемлекетаралық құрылымдар болғанда ғана, солар арқылы кепілдікке ие бола алады. Бұл айтылған пікірге Кеден одағының да толық қатысы бар.
Азық-түлік жетімсіздігі, нарықтың жаhандануы, конъюктураның төмендеуі мен азық-түлік бағасының тұрақты өсуі, импорттың нашарлауы, әлеуеттіліктің қысқаруы, материалдық өндірісте жаңалықтар мен ұсыныстар енгізу деңгейінің жеткіліксіздігі, құрылымдардың сапасының нашарлауы мен тұрақсыздығы, мал басының қысқаруы, нарық инфрақұрылымдарының баяу дамуы және т.б. азық-түлік қауіпсіздігіне келетін басты қатерлердің негізгі себеп-шарттары болып табылады.
Әлемде, оның ішінде Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласының дамуына жаhандану үрдісі сөзсіз түрде ықпал етеді. Тікелей және кері қатынастары бар күрделі жүйелі заманауи әлемдік экономика жеке елдердің ұлттық шаруашылықтарын біріктіріп, өзінің жекеленген бөліктерінің экономикалық дамуына біртұтас құрылым ретінде белсенді түрде ықпал етеді.
Жаhандану – әлемдік экономиканың өсіп отырған өзара байланысы мен тәуелділігі. Оның үрдісі әлемдік экономикалардың өзара ықпалдастығының ұлғаюы жағдайында өтіп, бұған Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) ерекше рөл атқаруы тиіс.
Қазақстанның көптеген дамушы елдердің қатарында 2015 жылы ДСҰ-на мүше болып кіруі еліміздің осызаманғы әлемдік шаруашылық қатынастарына белсене араласуына мүмкіндік береді. Дәстүр бойынша, ДСҰ-ның құрамына мүше боларда ауыл шаруашылығы саласындағы келіссөздер өте күрделі болады. Өйткені, ауыл шаруашылығы экономикалық салалардың халықаралық бәсекелестігіндегі өзгеріс-ауытқуларды ең тез сезінетін сала болып саналады. Сонымен қатар, бұл сала азық-түлік қауіпсіздігін, қоршаған ортаны қорғау мен аумақтардың дамуын қамтамасыз ету көзқарасы бойынша маңызды сала. Қазіргі уақытта аграрлық секторды реформалау Қазақстан үшін ерекше өзекті мәселе болып отыр. Еліміздің бұл ұйымға мүше болып кіруіне байланысты өзімізде өндірілетін тауарлардың сапасы осы күннің басты мәселесіне айналып отыр. Отандық өнімдер әлемдік азық-түлік нарығында өзінің лайықты орнын дүниежүзілік стандарттарға сай болғанда ғана ала алады.
Елбасы жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында экономикамыздың аграрлық секторының іс-әрекетіне зор көңіл бөліп, оның келешектегі дамуы жөнінде нақтылы міндеттер қояды. Нұрсұлтан Әбішұлы, ең алдымен, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне баса назар аударады. Осы себептен алдымызда өнімдері экспортқа бағытталған мал шаруашылығын қарқынды дамыту, өңдеу саласын кеңейте дамыту, азықтану қауіпсіздігі мен ветеринарлық-санитарлық қадағалауды халықаралық нормаларға сәйкестендіру сияқты жедел жұмыстармен қатар ірі өнеркәсіп орталықтары мен қалаларымыздың айналасында азық-түлік белдеулерін жасау тапсырыстары тұр.
Алайда, жылдан-жылға ауыл шаруашылығына қарасты жер алқаптары қалалық аймақтардың кеңеюінің, жол құрылыстары мен өнеркәсіп кәсіпорындарының пайдасына қысқаруда. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныстың әлемдік деңгейде өсуі азықтүлік сұранысының одан әрі ұлғаюына әкелетінін байқау қиын еместігін біліп отырмыз. Мал шаруашылығының дамуында жемазық базасының басты рөл атқаратынын ескере отырып, Қазақстанда 2008 жылдан бастап жүгері дәніне субсидия көлемі 3,8 есеге (660 теңгеден 2500 теңгеге дейін) өсті, ал азықтық дақылдар құрамының тізіміне біржылдықтар мен қатар көпжылдық шөптер де енгізілді.
Қазіргі уақытта Қазақстанның ДСҰ-на кіруіне байланысты мал өнімдерін әлемдік нарыққа шығару көзделген осы саланы одан әрі дамыту жұмыстары жедел қолға алынып отыр.
Бұл мәселеде мемлекеттік ынталандыру мен демеу шаралары жемазық қоры мен бәсекелестікке төтеп бере алатын отандық мал тұқымдарының жедел түрде дамытуға бағытталып отыр. Бүгінгі күндері “ҚазАгро” ұлттық холдингі ірі қара мен қойды бордақылауды өнеркәсіптік жолға қойып, жоғары сапалы етті экспортқа шығаруға байланысты іс-шараларды жүзеге асыруда. Таяу жылдары еліміздің бес аймағында дүниежүзілік стандартқа сай өңдеу орындары бар ірі бордақылау кешендерінің құрылысы аяқталып, отандық мал өнімдерін экспорттық деңгейге шығаруға жағдай туады деп санаймыз. Осыған қоса, шетелден әкелінетін жоғары өнімді малға үлкен үміт артылып отыр. Бұл мәселе бойынша алғашқы қадамдар 2007 жылы жасалған болатын. Ол кезде “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ы арқылы елімізге Канададан 1,5 мың бас жоғары өнімді тайыншалар әкелініп, лизингімен Ақмола облысының “Родина” ЖШС-і мен “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігіне берілді. Бұл жұмыстар жалғасын тауып, шеттен 30 мың бас құнарлы мал әкелініп, 20 тауарлы сүт кешені іске қосылды. Сонымен қатар, 2008 жылдан бастап қой етін, сүт пен жұмыртқа өндіруге жұмсалатын құрама жемдер мен жемазықтарға жәрдем ақшалай көмек көрсетіле бастады, сиыр, шошқа және құс еттеріне көрсетілетін субсидия мөлшері ұлғайтылды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу басты назарда болуға тиіс. Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан бұл салаға екінші деңгейдегі банктерден алынған несиелердің және халықаралық сапа стандартын енгізуге жұмсалатын шығындардың орнын жабуға арналған жәрдемақша бөлінуде. Өңдеу саласындағы қайта жабдықтауда техникалық және технологиялық үрдістерді ынталандыру мақсатында 2008 жылы өңдеуші кәсіпорындарға лизингтік жабдықтардың пайыздық мөлшерлемесін жәрдем ретінде жаңадан бюджеттік бағдарлама жасалынып, бұған 1,1 млрд. теңге қаржы бөлінді. Осы шараларға сүйене отырып, көп ұзамай өңдеу саласының бәсекелестік дәрежесі жаңа деңгейге көтеріледі деп санауға болады.
Мал шаруашылығында малдың генетикалық әлеуетін одан әрі арттыруға және өнеркәсіптік негізде орта, ірі тауарлы фермаларды ашу арқылы өндірісті кеңінен ұлғайтуға үміт артқан жөн. Қазіргі уақытта республикада асылтұқымды малдардың өзіндік үлесі жылқыда тек қана – 2,7 пайыз, шошқада – 7,2 пайыз, құста – 18,4 пайыз, қойда – 7,8 пайыз. Қолдан ұрықтандыруда республика бойынша орта көрсеткіш 33,4 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіштерді одан әрі жоғарылату мақсатында мемлекет тарапынан болатын қолдауды толықтай пайдалану керектігін айту қажет. Бұл жерде, мал тұқымын асылдандыратын жәрдемақша тек қана ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарына берілетінін айта кеткен жөн. Яғни, мемлекет малдың генетикалық әлеуеттілігін көтеру мәселесінде ұсақ жекеменшік шаруашылықтарға емес, ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарына ден қояды.
Жекеменшік ұсақ шаруашылықтарға келетін болсақ, оларға жергілікті атқарушы органдар мемлекет атынан өсірілген өнімдерін өткізуге, оларды өңдеу кооперативтерін ашуға қолғабыс жасап, өңделген өнімдердің сапасының жоғары болуына атсалысулары керек.
Ауыл шаруашылығы министрлігінде осындай кооперативтерді қолдауға арналған жеңілдетілген несиелеуге бағытталған арнайы бағдарлама жұмыс істейді. Елбасы еліміздегі жүзеге асырылып отырған институттық реформалардың, оның ішінде ауыл шаруашылығына да қатысы бар маңызына баса көңіл бөлу керек екенін атап көрсетті. Бұл жағдайда, Президент республикада кооперативтердің әлемдік тәжірибелеріне сүйене отырып, қарқынды дамуы қажеттілігіне және осыдан туындайтын ұлттық заңнамаларға өзгерістер енгізуге көңіл аударды. “Біздің басты мақсатымыз – ауыл шаруашылығын жоғары тиімді салаға айналдырып, оның өнімдерін өңдеу секторы арқылы экспортқа шығару. Ол үшін ауыл шаруашылығы құрылысын өзгерте отырып, оның ұйытқысы ретінде дамыған күшті кооперативтер болуы тиіс. Бұл, өз кезегінде, кәсіпкерліктің дамуы үшін алда болатын зор мүмкіншіліктердің пайда болуына әкелетіні сөзсіз”, – деп атап көрсетті Елбасы. Сондай-ақ, ол зоотехникалық, ветеринарлық, тасымалдау және сақтау сияқты көмекші қызмет көрсететін құрылымдардың дамуының маңыздылығына ерекше тоқталып өтті. Ендеше, облыстарда өңдеу саласы жергілікті атқару органдарының басты назарында болып, өңдеу қуаттарының дамуына жеке капиталды тарту және өздері жеке өңдеу кәсіпорындарын ашуға қызығушылық танытатын шаруашылық субъектілерін ынталандыру жұмыстары бірінші кезекте тұруы тиіс.
Кеден одағы елдерінің ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары жүргізілген жан-жақты және мұқият сараптама жұмыстарынан кейін азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешу стратегиясын біртіндеп жүзеге асырудың ортақ бағыты айқындалды. Бірінші кезеңде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өндіру деңгейіне жету көзделген.
Екінші кезең – агроөнеркәсіп кешенінің дамуын тұрақтандыруды қамтамасыз ету.
Үшінші кезең ауыл шаруашылығы өнімдерін азық-түлікпен қамтамасыз етуге жеткілікті, сыртқы экономикалық байланыстағы қайраткерліктің ең жоғары деңгейіне қол жеткізіп, оларды өндіруде жаңа да тиімді технологияларды қолдана отырып, агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық дамуына бағытталған. Осы кезеңдерде жоспарланған жұмыстарды жүзеге асыру азық-түлік стратегиясының толықтай орындалғанын көрсете отырып, алдымызға жоғары өмір сүру деңгейіне бағытталған “Азық-түлік қауіпсіздігінен – қауіпсіз қоректенуге” атты жаңа стратегия жұмыстарының кезегі келеді.
Ұлттық азық-түлік қауіпсіздігін Кеден одағын құру тұрғысынан алып қарасақ, әрбір мүше елдің өзінің азық-түлік нарығының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ете алатын мүмкіншіліктерінің салалық мамандандыруды одан әрі тереңдету арқылы пайда болғанын байқаймыз (мысалы, Қазақстан үшін арзан энергия көздерін пайдалана отырып, үлкен жайылымдық аумақта жоғары сапалы сиыр, жылқы, қой еттерін және емдік қасиеті мол қымыз бен шұбат өндіруді қолға алу болып отыр). Бұл өнімдер экспортқа бағытталу жолында жұмыс жүргізіп отырған Қазақстан үшін де, бір кеден аймағындағы Белорусь пен Ресей үшін де өте маңызды.
Ғылым саласында бірігіп қызмет атқарудың маңызы зор. Біртұтас базалық дайындығы бар ғалымдар тек қана ашқан жаңалықтары және жасалған жұмыстарымен алмасып қоймай, сонымен бірге елдерінің аграрлық саласындағы инновациялық дамуына қажет біріккен жобаларды орындау мүмкіншіліктеріне ие болады. Бұл елдердің ғалымдары мен практиктерінің шешуін күтіп отырған көптеген ортақ мәселелері бар және оларды шешу жолдарының бірдейлігі алдағы атқарылатын жұмыстардың оң шешімін тауып жемісті болатынына кепілдік береді.
Ауыл шаруашылығы ғылымы агроөнеркәсіп кешенінің дамуын ғылыми түрде қамтамасыз ете отырып, жүргізілген зерттеу нәтижелерімен алмасу, не болмаса біріккен жобаларды жүзеге асыру арқылы Кеден одағы елдерінің жекелей және жалпы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға зор септігін тигізеді.
Қорыта айтқанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің алдында үлкен де жауапкершілігі мол міндеттер тұр.
Ақан ЖҮНІСОВ,
М. Қозыбаев атындағы
СҚМУ-дің оқытушысы,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының
кандидаты.