«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЛ ӨСІРІП, ТҰРМЫСЫН ТҮЗЕДІ

Шаруаларға қаржылай қолдау көрсететін “Сыбаға” – еліміздегі ет экспортын еселеуге ерекше серпін беретін бірегей бағдарлама. Аталмыш бағдарлама іске асырыла бастағаннан бері төрт түлігін көбейтіп, тұрмысын түзеген азаматтар аз емес. Солардың бірі – Успенка ауылдық округіндегі “Кнауб” шаруа қожалығы.

Шаруа қожалығының басшысы Дмитрий Кнаубтың айтуынша, ол мал шаруашылығымен 2014 жылдан бастап айналысады екен. Алдымен өз қаражатына 30 бас қара мал сатып алған. Сондай-ақ, өткен жылы ол “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 4,7 млн. теңге несие алып, “Кулик” ЖШС-нен қазақтың ақбас тұқымды сиырынан 22 бас және “Жамбай” ЖШС-нен герефорд асылтұқымды 2 бұқа сатып алған. Бүгінгі күні қожалықта мал басы 65-тен асқан.  

– 2014 жылы мал қорасын салып, биыл жем сақтайтын қойма құрылысын аяқтадым. Қысқа 250 тоннадай шөп және сонша сабан дайындадық. Биылғы орақтан арпа, бидай және басқа да дәнді дақылдар қамбаға құйылды, – дейді Дмитрий Александрович.

Бұл шаруашылықтың дәнді дақылдар үшін 549 гектар алқабы мен 100 гектар мал жайылымы бар екен. Агроқұрылым екі “К-700”, үш “МТЗ-82”, комбайн сияқты техникалармен жабдықталған. Шаруа қожалығында еңбек етіп жатқан әрбір жұмысшы өз ісін жақсы біледі. Сергей Кун, Андрей Кашапов, Николай Гречковский мен Павел Заика сияқты еңбек адамдары мал шаруашылығына жауап береді. Олар жазда жайылымда мал бағып, қыста қорадағы жануарларды жайлайды. Оған қажет техника да сақадай сай тұр және мал азығы да дайын. Сондықтан жұмысшылар тек аянбай еңбек ету қажеттігін жақсы түсінеді.

Еркебұлан ЕЛУБАЕВ.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp