
Әйгерім Қайданова облыс бойынша 10 үздік мектептің қатарына енген Уәлиханов ауданындағы Бидайық орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ береді. Ол Петропавлдағы Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжді және Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетті қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтаған.
“Жас келсе – іске” деп тегін айтылмаса керек, еңбек ете бастағанына алтыншы жыл ғана болса да, өзінің де, шәкірттерінің де көрсеткіштері жаман емес. Екінші санатты мұғалім осымен үшінші мәрте өтіп жатқан республикалық “Үздік педагог – 2014″ байқауының аудандық кезеңінде қатысқан 25 мұғалімнің ішінде жеңімпаз атанып, облысқа жолдама алған.
– Мен “Нашар мұғалім ақиқатты өзі айтып береді, ал жақсы мұғалім оқушының өзін ізденуге жетелейді”, деген ұстаным бойынша жұмыс істеймін. Ұстаз, мұғалім, педагог, оқытушы. Қалай айтсаң да құлаққа жылы сезілетін керемет сөздердің иесі екенімді мақтан етемін! Ұстаздық көп мамандықтың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты қажет етеді. Сондықтан, өз бойымда осы қасиеттерді қалыптастыруға күш саламын, – дейді ол.
Әйгерімнің қазақстандық Интернет олимпиадасына қашықтықтан қатысқан бір оқушысы республикалық кезеңде 3-орын алса, осы деңгейдегі “Ақбота” зияткерлік олимпиадасында тағы бірі 2-орынды иеленген. Оған қоса шығармалар сайыстары, “Абай оқуы”, “Мағжан оқуы”, “Махамбет оқуының” аудандық, облыстық кезеңдерінде оқушылары жүлделі орындардан көрініп жүр.
Әйгерім Қайданова “Үздік педагог – 2014″ байқауында “Жоғары сапалы білім бергені үшін” аталымы бойынша марапатталды. Оның алдағы мақсаты – оқушыларын түрлі оимпиадаларға жиі қатыстырып, солардың жеңісінен еңбегінің жемісін көру.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.