«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“МАҒЖАНДЫ” ОҚЫ, ТАҢЫРҚА!

Қолымызда – әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журнал – “Мағжанның” биылғы жылғы 4-ші нөмірі. Оның парақтарынан көңілге қонымды туындыларды оқи отырып, қазақтың “Көш жүре түзеледі” деген ұлағаты тегін айтылмағанын пайымдадым. Өйткені, 2007 жылдың басынан бері шығып келе жатқан басылым бастапқы кездердегідей емес, бүгінде еліміздің оқырмандарына танылғанын журнал авторларының географиясына қарап аңғардым. Бұлар – еліміздің әр қиырларынан.

Журналдың жаңа нөмірінде әдеттегідей “Поэзия”, “Проза”, “Әдеби зерттеу” айдарларына қоса, тың тақырыптар түзілгені назар аударады. Бұл орайда “Кейінгі толқын” айдарымен бір шоғыр жас қаламгерлердің туындыларымен қауыштым. Бұлардың ең ересегі жиырма бес жаста болса, қалғандары – жиырмадан енді ғана асқандар. Оның үстіне, жас қамшыгер-қаламгерлер, жоғарыда айтқанымдай, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе және Алматы облыстарының тумалары екен. Осының өзі “Мағжанның” өзге ордалардың да төріне озғанын айғақтайды.  

Журналда Рақымжан Отарбаев, Серік Ақсұңқарұлы, Серікбай Оспанұлы сияқты әдебиеттің әйгілі қайраткерлері барына қанықтым. Әсіресе, Рақымжан мен Серіктің шығармалары әдетте шымыр келетіні оқырмандар әлеміне аян. Біріншісі, өткір әңгіме-повестеріне қоса, әдебиетіміздің қазынасын кең тынысты “Бейбарыс сұлтан” трагедиясымен байытса, жиырма бес жасынан жасындай жарқыраған Серіктің жырлары жан баурайтыны рас. Олар осы ретте де жарқ еткен жаңа туындыларына бойлатады. Серіктің қашаннан оң жамбасына келетін шыншылдықпен осы жолы да Шыңғысхан және басқа да тарихи тұлғалар ғұмырын арқау еткен өлеңдеріне эпиграф етіп ұлы қаған айтқан: “Шибөрінің көсемі болғанша, көкжалдың бөлтірігі болайын”, – деген лебізі осы жырлардың астарын оқып шыққанша мазмұнын жүрегіңе ұялатады.

“Поэзия” айдарында жерлесіміз, өмірден озған Жарасбай Нұрқанның жырларын кездестірсек, олармен осы нөмір арқылы өзге өңірлердің оқырмандары да танысады.

“Солтүстік Қазақстан” газетінің қос тілшісі Нұргүл Оқашева мен Алма Қуандыққызының шығармаларына да оқырмандар зер салары анық.

Дегенмен, “Мағжанның” осы нөмірінде экономика ғылымдарының докторы, профессор, қарағандылық Рашит Кареновтың ұлы ақынның аудармашылық, зерттеушілік қырларын, прозадағы лиризмін (“Шолпанның күнәсі” әңгімесі жайындағы зерттеуі – З. Ә.) талдап, тарқатуы бәрінен де назар аударуға тұрарлық.

Республикалық “Зерде” баспасының директоры Әшірбек Амангелдінің “Қайраткер ақын” атты мақаласы 2013 жылдың 27 қарашасында өмірден озған Кәкімбек Салықовтың ақындық және қайраткерлік тұлғасына тағы бір мәрте бойлата түседі.

Қаламы бірнеше прозалық шығармаларға арқау болған жазушы, аудармашы Өтен Ахмет америкалық Стивен Кингтің күнделік тәрізді болғанымен, өмір ақиқатын алға тартатын “Тірі қалу” әңгімесін ұсынған.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp