«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҒЖАННЫҢ СЫЙЫ болған жеті қасқыр терісінен тігілген ішік табылды

Байғазы – қазақтың көне ырымы. Ертеректе, әсіресе, балалар жаңа киім кигенде, әлдебір жақсылыққа қол жеткізгенде тілеулес көңілдің, тілекші пейілдің сүйіншісі ретінде берілген. Кейінгі ұрпаққа жауһар жырларымен мәңгі өлмес мұра қалдырған, Алаштың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаевтан қалған жәдігер іспеттес қасқыр ішік табылып, қайран қалдырып отыр.

Қасқыр ішіктің бүгінгі иесі – Көкшетау қаласының тұрғыны Бәтима Аяғанова Қарағанды мұғалімдер институтын 1951 жылы бітірген. Ғұмырының 52 жылын білім саласына арнаған ұлағатты ұстаз таяуда өз шаңырағында 1934 жылдан бері сақталып келе жатқан қасқыр ішіктің сақталғандығын айтқанда жерден жеті қоян тапқандай қуанып, қастерлі мүлікті көргенде көңілдің қобалжығаны да рас.

Зілдей ап-ауыр екен. Апайдың айтуына қарағанда, жеті қасқырдың терісінен тігілген. Жоны қара қылшықтанған, түгі мен түбіті сол қалпы сақталған, сырты қалың, мықты шұғамен қапталған қасқыр ішік. Көркем әдебиеттен оқып, көркем фильмнен көргенбіз. Ал қасқыр ішіктің өзін көріп, желбегей жамылып тұрғанымыз осы. Шалғайы мол пішілген, қолтығы кең, жағасы ойықталып барып бітетін, мойын мен басты тұтас жабатын көлкөсір дүние. Ал тігісі біз көрген тігістен өзгеше тәрізді. Ине сабақтап көрмегендіктен, кесімді пікір айта алмасақ керек. Ал терінің иленуіне, оның жұмсақтығына қарап, әбден иі қанғандығын аңғару қиын емес.

Қасқыр ішіктің тарихы былай: Бәтима Әшірбекқызының әкесі қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданының аумағындағы Үлкен Қараойдың маңында 1883 жылы дүниеге келген. Анасы Шәкира Әубәкірқызы – Кіші Қараойдың қызы. Анасының інісі, яки нағашысы Жақия Әубәкірұлы заманында Омбы қаласында білім алған. Кейін Бестөбенің маңайындағы Қызылқақ ауылында мұғалім болып еңбек еткен. Бұрынғылардың айтуына қарағанда, жыр пайғамбары Мағжанмен әкесі де, нағашысы да досжар болса керек. Бәтима Әшірбекқызының білетіні: 1934 жылы көзі ашық, көкірегі ояу, жақсылармен көп дәмдес, пікірлес болған, бір-біріне шуақ-шарапаты тиген әкесіне осы жеті қасқырдың терісін әйгілі ақын Мағжан Жұмабаев сыйлаған екен.

Ол кезде Кіші Қараой төңірегінде Кенетай есімді он саусағынан өнер тамған айтулы шебер болыпты. Қасқыр ішікті сол Кенетай шебер тіккен. Кейін арада талай жылдар өткен соң Бәтима Әшірбекқызының жұбайы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қайырбек Хасенов Алматы қаласындағы жоғары партия мектебін бітіріп келіп, сол кездегі Қызылту ауданының “Херсон” кеңшары партия ұйымының хатшысы болып тағайындалады. Осы бір қуанышқа Бәтима Әшірбекқызының әкесі, яғни оның жұбайы Қайырбектің қайын атасы: “Менің шаңырағымдағы ең қымбат мүлкім, Алаштың айтулы ақыны, жыр әлемінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтан қалған жәдігер”, – деп сыйға тартса керек. Байғазының есебінде. Содан бері үйдегі төрт құлақты абдырада сақталыпты. Қымбат мүлік ретінде қастерленген.

Қасқыр ішік жарты қабырғаны жауып ілулі тұр. Қаншама уақыт өтсе де, өңін жоймаған. Түз тағысының терісі де мықты-ау.

Жауһар жәдігер жайлы бар білгеніміз осы. Ақиық ақыннан қалған бір асыл зат. Өзге жұрт өз ұлыларының сабақты жібіне дейін жинап жатқанда біз жеті арланның терісінен тігілген жауһар дүниені не істер екенбіз?

Байқал БАЙӘДІЛОВ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp