«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕЙІРІМ МЕКЕНІ

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қалалық Мәдениет үйінде Петропавл қаласындағы Сәбилер үйі 95 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова қатысты.

– Ондаған бүлдіршіннің нағыз анасы, әжесі болып, оларды тәрбиелеумен, емдеумен және сауықтырумен айналысатын осынау үйдің қызметкерлеріне деген алғысымыз ерекше, – деген Анархан Қалиқызы өзінің ізгі тілегін арнай отыра, сәбилерді тәрбиелеуде сүбелі үлес қосып жүрген М.Қапенова, Р.Выходцева, О.Кузенцова, Л.Перцатеваға облыс әкімінің Құрмет грамоталарын табыс етті. Сонымен қатар, қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Сара Тасеменова Сәбилер үйінде қызмет атқарған ардагерлерді Алғыс хатпен марапаттады.

Адал еңбегі мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және олардың денсаулығын нығайтуға қосқан үлесі үшін Сәбилер үйінің 23 қызметкері марапатталды. 2014 жылдан бері бұл мекемені Мәруар Қапенова басқарады. Ұжымда 116 қызметкер жұмыс істейді. Бүгінде Сәбилер үйінде 52 бала тұрып жатыр. Оларға барлық жағдай жасалған. Әр бала өзіне қажетті ем-домды алады. Мұндағы қызметкерлердің еңбегі шыдамдылықты талап етеді. Олар қарамағындағы әр сәбиге аналық сезіммен, зор қамқорлықпен қарау керек деп санайды.

Шара барысында Сәбилер үйінің тәрбиеленушісі Димаш Жақыпов, “Экспромт” ұлттық би театры, “Звонница-Наследие” фольклорлық ансамблі және сәбилер үйінің ұжымы мен тәрбиеленушілері өнер көрсетті. Димаш Жақыпов өзі тәрбиеленген кезіндегі Сәбилер үйінің директоры Римма Павловнаға бір құшақ гүл сыйлап, алғысын білдірді. Бұл жайт барлық қатысушылардың жүрегін тебірентті.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp