Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай облыс орталығындағы қазақ мектеп-гимназиясына ұлы ақынның есімі берілмек. Бұл жайлы облыстық білім басқармасының алқа отырысында айтылды. Аудандық білім бөлімдерінің басшылары отырысқа бейнеконференция арқылы қатысты.
Жиынды ашқан облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыру бағытындағы жоспарларымен бөлісті. Облыстағы 17 мыңнан астам педагогтың 75 пайызы жоғары білімді. Ал магистр дәрежесі бар ұстаздардың саны биыл 187-ге жетті. Жыл сайын 200-ден астам жас маман білім беру ордаларына жұмысқа орналасады. Биыл қызметке орналасқан 676 педагогтың 252-сі жас маман екенін де айта кеткен жөн.
– Мұғалімдерді ынталандыруға бағытталған шаралар да қарастырылуда. Мәселен, жаңартылған бағдарлама бойынша білім беретін педагогтарға қосымша ақы төленеді. Ауыл мектептері мұғалімдерінің еңбекақысы 25 пайызға, жалпы облыс бойынша 10 мың педагогтың еңбекақысы 30 пайызға көбейді. Аттестаттаудың жаңа жүйесіне сәйкес 3 мыңнан астам ұстаз 30 пайыздан 50 пайызға дейін қосымша ақы алады. Бұл үшін биыл республикалық бюджеттен 4287,8 мың теңге ақша бөлінді, – деді Гүлмира Райынбекқызы.
Ауыл мектептеріндегі білім беру сапасын арттыру мақсатында биыл “Ұлы дала мектебі” қанатқақты жобасы қолға алынбақ. Жоба аясында мектепті білім беру ошағы ретінде қарастырып қоймай, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-мәдени орталығына айналдыру көзделіп отыр. Ауыл мектептеріне жас мамандарды тарту үшін “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының аясын кеңейтудің маңызы зор. Соңғы бес жылда өңіріміздегі елді мекендердегі мектептерге 1180 педагог жұмысқа орналасса, соның 850-і “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының игілігін көруде.
Президент Жолдауын жүзеге асыру аясында қолға алынған “Жас маман” жобасы өңірімізде де қолдау тапты. Оның аясында колледждер мен жоғары оқу орындарында сұранысқа ие мамандықтарды ашып, білікті маман даярлауда халықаралық тәжірибелерді енгізу көзделіп отыр. Өңірлік комиссияның шешімі бойынша жобаға қатысатын оқу орындарының тізімінде он колледж бар.
Өкінішке қарай, балалар мен жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілері тыйылмай тұр. 2017-2018 жылдары 12 бала суицидке барған. Ал кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің қатысуымен жыл басынан бері 23 құқық бұзушылық тіркелді. Оқыс оқиғалардың салдарынан жеті бала көз жұмды. Олардың үшеуі терезеден құласа, төртеуі суға батып кетті. Балалардың құқығын қорғау бағытындағы шаралар жөнінде облыстық білім басқармасы қорғаншылық, қамқоршылық және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Ғалия Ілиясова баяндады.
Облыста жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға арналған алты ұйым жұмыс істейді. Ондағы тәрбиеленушілер саны – 272. Бұл өрендерді қолдау бағытында былтыр Қызылжар ауданында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге арналған орталық ашылса, биыл Айыртау ауданында балалар үйі қайта құрылды.
– Балаларды ата-аналарына қайтару бағытындағы шаралар да қолға алынуда. Мәселен, Қызылжар ауданындағы орталыққа әкелінген 63 баланың 42-сі үйіне қайтарылса, 21-іне көмек көрсетілуде, – деді Ғалия Ілиясова.
Ғалия Ситахметқызы балалардың құқығын қорғау бағытында ескерілуі тиіс жайттар мен алда тұрған міндеттерге де тоқталды. Алдымен қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіру керек. Мобильді топтардың қызметін жандандырып, қолайсыз отбасылардың үйіне барудың да маңызы зор. Ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, өз-өзіне қол жұмсау, құқық бұзушылықтар сияқты келеңсіздіктердің алдын алу бойынша көбірек ақпарат берген жөн.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.