Мен ата-әжемнің тұңғыш немересімін. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалған қасиетті Тәуелсіздік күні, яғни 1991 жылдың он алтыншы желтоқсанында өмірге келіппін.
Тәуелсіздік таңымен таласа дүние есігін ашқандықтан, бұл күн мен үшін ерекше ыстық. Дәл сол жылы өңірімізде бірегей оқиға орын алыпты. Қазақстандықтар үлкен сенім артып, Президент етіп сайлаған Нұрсұлтан Назарбаев біздің өңірімізге жұмыс сапарымен табан тіреген екен. Атам Мемлекет басшысының құрметіне менің есімімді Нұрсұлтан деп қойыпты.
Халқымызда “адамның есімінде оның тағдыры жасырылған” деген сенім бар. Осы ұғымның өте дұрыс айтылғандығына сенемін. Санаулы күндерден кейін еліміз еңселі егемендіктің ширек ғасырлық мерейтойын атап өтсе, мен өмірімнің бір белесі – екі мүшел жасқа толамын. Осы уақыт аралығында егемен елімнің әрбір жеткен жетістігімен, көңіл қуантар шаттығымен бірге есейіп, қанаттанып келемін.
Петропавлдағы қазақ классикалық гимназиясын бітіргеннен кейін М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің есеп және аудит мамандығына оқуға түстім. Мектепте, жоғары оқу орнының қабырғасында әртүрлі мерекелерде өткізілетін іс-шаралардың, қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүретін едім. Адам өмірінің ең қызықты тұсы студенттік кезде қатарымның алды болдым. “Қазақстан Студенттер альянсы” ұйымы облыстық филиалының төрағасы болуым жастармен етене араласуыма, оларды алаңдатқан мәселелердің астарына терең бойлауыма ықпал етті.
Мамандықтың жеңілі жоқ. Дегенмен, олардың ішінде есеп және аудит саласы үлкен жауапкершілікті, жылдамдықты, ойдың жүйріктігін талап етеді. Бұл саланың түп-тамырын зерттеп білу үшін төрт жыл уақыттың аздығын сезініп, одан әрі магистратурада оқуымды жалғастыруға бел будым. Бүгінде өз мамандығым бойынша жемісті еңбек етудемін. Жуырда өткен “Тәуелсіздіктің жас жұлдыздары” атты облыстық жастар форумында өңір басшысы Ерік Сұлтановтың Алғыс хатымен марапатталуым сенімім мен талпынысымды одан сайын нығайтты.
Бүгінде еліміздің әлем алдындағы биік беделі мен абыройы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екені сөзсіз. Біз, Тәуелсіздіктің құрдастары, ел ертеңі үшін, Қазақстан тәуелсіздігінің тұғыры берік болуы жолында қайтарымды еңбек етуге дайын болуға талаптануымыз керек. Бұл жалаң сөз, бос ұран емес. Ол бүгін өмір жолын бастаған әрбір жастың асыл арманы болуы керек.
Нұрсұлтан ӘУБӘКІРОВ,
аудитор.