«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕНІҢ НАҒАШЫМ ОСЫНДАЙ

“Бесіктің жақсы болмағы – ағашынан, жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан” деген халқымызда тәмсіл бар. Мен нағашым Қуаныш Беркімбаевты мақтан тұтамын. Қазақтың “Балалығың ұстаса, нағашыңа бар” деген қасиетті сөзінің төркінін ұқтырған осы ағам болатын. Менің Күлдай анам оның үлкен әпкесі. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан нағашымның өмір өткелдерінің өзі түйсінген адамға үлкен тағылым. Бойынан кішіпейілділік, жанынан иманы, жүрегінен мейірімі таусылмайтын адам туралы әңгіме қозғаудың өзі ғанибет емес пе?

Ел ішінде Қуаныш қажы болып сыйға бөленіп жүрген ағамыз – Шал ақын ауданындағы Ақсу ауылының тумасы. Ол өзінің қазақ ұлты үшін зұлмат болған 1937 жыл басталғанда дүниеге келгенін, балалық шағының заманның ауыр кезеңінде өткенін айтып отырады. Туысы бірдің уысы бір емес пе, әкесі Беркімбай мен ағасы Тәжібай бір-бірімен өте тату өмір сүрген. Сүттей ұйыған әулет оны мейірім мен сүйіспеншіліктің шуағына бөлесе керек. Ол да өз балаларын бойына қанмен дарыған қасиеттермен әлпештеп өсірді. Немерелері дегенде көңілі тіпті жайсаң.

Ол қазіргі Есіл ауданының Бұлақ ауылындағы жетіжылдық мектепте оқып, Шал ақын ауданындағы Еңбек ауылында орта білім алған. Кейін техникалық училищеде оқыған жігерлі, талапты жігіт Есіл аудандық комсомол комитетіне нұсқаушы қызметіне орналасқан. Содан соң үш жыл Кеңес армиясында азаматтық борышын өтеген. 1963-1985 жылдар аралығында Ленин аудандық ішкі істер бөлімінде төлқұжат бөлімінің бастығы, учаскелік инспектор, кейін Совет, Тимирязев және Соколов аудандарында аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, бастығы болып қызмет атқарған. Қарағанды қаласындағы Ішкі істер министрлігінің жоғары мектебін бітірген оның еңбек жолындағы өмірлік ұстанымы адалдық, сапалы да саналы еңбек ету, әділетсіздікке жол бермеу болды. Ағамыз Балғын жеңгемізге үйленіп, отбасының алтын діңгегі де бола білді. Алма, Серік, Айгүл есімді үш баланы өсіріп, әрқайсысының өмірден өз жолын табуға көмектесті. Бүгінде олардың немере-шөберелерге де тілеуі мен тірегі бұрынғыдай.

Қуаныш қажы Беркімбаев 1985 жылы ішкі істер органынан зейнеткерлік демалысқа шықты. Атасының ұлағатты сөздерін естіп өскен немерелерінің ішінде оның жолын қуғандар да бар. Альбина Астана қаласындағы қаржы полициясы академиясын тамамдаған, бүгінде ішкі істер бөлімінде еңбек етіп жүр. Тағы бір немересі Айнұр Қостанай қаласындағы ішкі істер органының арнайы жоғары оқу орнында білім алуда.

Қуаныш ағамыз зейнетке шыққан соң да қол қусырып отыра алмады. Соколов ауданындағы кәсіптік өрт сөндіру бөлімін басқарып, мекеменің жаңа ғимаратын салуды ұйымдастырды. Бірнеше мәрте аудандық кеңестің депутаты болып сайланды. Ол 1996 жылдан бастап Алланың ақ жолына түскен. Сол жылы Соколовка ауылында мешіт ашылып, жеті жыл сонда молда болды. 2003 жылдан бері облыстық орталық мешітке үш рет алқа мүшесі болып сайланды, 2005-2013 жылдар аралығында орталық мешітте заңгерлік қызмет атқарды. Қазір облыстық мешіттің молдасы. 2012 жылы Мекке-Мәдинаға умра қажылығына барса, 2014 жылы үлкен қажылық парызын орындап келді.

“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дегендей, нағашымның азаматтық позициясын бала кезден білгендіктен, одан өзіме ғана емес, басқалар да үлгі алсын деген ниетпен қалам тартқан едім. Үлкенге де, кішіге де сыйлы, саналы да саламатты өмір сүріп жатқан нағашыммен әңгіме-дүкен құрғанның өзі – үлкен тағылым.

Шайзада ҚОЖАНОВА,

ардагер ұстаз.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp