Елбасы Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер тұрғындар алдында есеп берулері керек. Ондағы мақсат бұқараны елдегі орын алып жатқан оң өзгерістер мен әр аумақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінен құлағдар ету болып табылады. Биылғы жылы бұл науқан өңірімізде қаңтардың 14-інен ақпанның 14-іне дейін жүргізілмек. Осы аралықта 672 кездесу ұйымдастырылып, халық алдында 209 әкім есеп береді деп жоспарланып отыр. Ал облыс әкімінің есептік кездесуі ақпанның 20-да өткізілмек.
Мамлют ауданындағы Новомихайловка ауылдық округінің қарамағына бес ауыл кіреді. Олар – Новомихайловка, Меңкгесер, Токаревка, Катанай және Бексейіт елді мекендері. Округте 2 мыңнан астам тұрғын болса, оның мыңға жуығы Меңкесерде түтін түтетіп отыр. Олар округ әкімінің өткен жылғы есептік кездесуінде пайды уақтылы беру, автобус қатынасы, жол және жарық мәселелерін ортаға салған.
– Былтыр барлық ауылдардың көшелеріне жарық тартылды. Барлығы 28 шам орнатылды. Становое тасжолы күрделі жөндеуден өтті. Биыл бұл жұмыс жалғасын табады. Осы мақсатқа облыс бюджетінен 153 млн. теңге бөлінді. Жоспар бойынша жол толықтай маусым айында жөндеуден өтеді, – деді тұрғындар алдында есеп берген Новомихайловка ауылдық округінің әкімі Беркімбай Уәлиев.
Былтырғы жыл меңкесерліктер үшін сәтті өткен. “Ақбұлақ” бағдарламасының көмегімен жаңа су колонкалары орнатылып, “Бизнестің жол картасы – 2020”, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламалары аясында тұрғындар өз кәсібін жүргізуге несие алса, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша 3 жас маман жұмысқа орналасып, көтермеақы алып, баспаналы болған. Бұлардың бәрі ауылдық округ әкімінің баяндамасында көрініс тапты.
Атқарылған жұмыстардан құлағдар болған тұрғындар көкейлеріндегі мәселелерін де ортаға салды. Олардың бірі ғаламтор желісінің жоқтығын алға тартса, енді бірі ауылға “Жедел жәрдем” қосынының қажеттігін айтты.
Округ әкімі бұлардың бәрі алдағы уақытта шешімін табатындығын мәлімдеді. Биыл “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында округте мәдениет нысаны күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, Токаревка ауылындағы көшелерге “Аймақтарды дамыту” жобасы бойынша жарық тартылып, Становое – Новомихайловка көлік жолының құрылысы жүргізілмекші.Бұл мақсатқа қажетті қаражат бөлініпті.
Аманжол НҰРТАЗИН,
журналист.