Түнгі уақытта облыс орталығының көшелерінде мотоциклшілер әрі-бері зулап, тұрғындардың тыныштығын бұзуда. Жергілікті полиция қызметінің мамандары бұл құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған шараларды үзбей жүргізуде. Атап айтқанда, “Сұңқар” автопатрулі екі түн бойы мұндай жүргізушілерді тоқтатып, тиісті жұмыстарды атқарған болатын.
8 қазанға қараған түні, сағат 00.27-де жергілікті полиция қызметінің өкілдері Ж.Жабаев және К.Сүтішев көшелерінің қиылысында 1968 жылы дүниеге келген скутер жүргізушісін тоқтатып, оған қатысты Қазақстан Республикасының “Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы” кодексінің 437-ші бабының 1-ші тармағын бұзғаны, яғни тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Келесі түні Н.Назарбаев және Ғ.Мүсірепов көшелерінің қиылысында “YAMAHA” YZF-600 маркалы мотоциклді тізгіндеген 1978 жылғы Петропавл қаласының тұрғыны осы кодекстің 608-ші бабының 1-ші тармағын және 437-ші бабын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Облыстық полиция департаментіндегі жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Александр Розбахтың айтуына қарағанда, жыл басынан бері облыс орталығында 980 адам,ал өңірде 1272 адам Қазақстан Республикасының “Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы” Кодекстің 437-ші бабын бұзғаны үшін айыпты деп танылды.
Сурет https://euroradio.fm сайтынан алынды.