Үстіміздегі жылы облыстық онкологиялық диспансер өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтуде. Жарты ғасыр бұрын іргесі қаланған емдеу орталығы талай жанның өміріне араша бола білді. “Елу жылда – ел жаңа” демекші, осы уақыт ішіндегі өңіріміздегі онкологиялық саланың даму барысын білмек болып, аталмыш медициналық орталықтың бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты, хирург-дәрігер Ермек Әбдірімовпен сұхбаттасқан едік.
– Ермек Ғаббасұлы, саналы өміріңізді медицина саласына арнап, бұл салада 38 жыл бойы қызмет етіп келесіз. Дәрігер мамандығын таңдауыңызға не ұйытқы болды?
– Қазіргі жастардай емес, біз бұрындары кітапты жата жастанып оқушы едік. Туындыларда суреттелген кейіпкерлердей, адамдарға көмектесуді армандайтынбыз. Санамда адам баласына мейірімділік таныту, қол ұшын созу асқан ерліктің көрінісі ретінде қалыптасты. Сол себепті, дәрігер боламын деп шештім. Саналы түрде осы мамандыққа өзімді дайындадым. Биология, химия сабақтарын ден қойып оқыдым. Бұрынғы Целиноград медициналық институтын 1975 жылы емдеу ісі мамандығы бойынша тамамдап, сол жылы Булаево қаласының орталық ауруханасының хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып қызметке тұрдым. Білімімді одан әрі тереңдетуді көздедім. 1982 жылы Мәскеудегі бүкілодақтық хирургия орталығына оқуға түстім. Оны 1986 жылы аяқтап, жолдама бойынша туып-өскен жеріме келіп, қызметімді онкологиялық орталықтан бастадым.
– Сіз өңіріміздегі медициналық қызметкерлер ішінде өзіндік емдеу тәсілін ойлап тапқан дәрігерлердің бірісіз. Білуімше, ғылыми жұмысыңыздың да осы патентке тікелей қатысы бар. Сол жайында айта өтсеңіз?
– Эхинококк деп аталатын паразитарлы құрт бар. Ол жан-жануарларда болады. Сапалы пісірілмеген тағам арқылы адамның ағзасына түсіп, өкпе мен бауырды зақымдайды. Мәскеуде оқып жүргенімде осы дертті емдеуде тиімді, адам ағзасына зияндылығын тигізбейтін оңтайлы тәсілді ойлап таптым. Өте жоғары жиілікті серпінді толқын шығаратын ультрадыбыстық құрылғының сызбасын жасап, сол арқылы бауырды жайлаған паразиттерді жоюға болатындығын дәлелдедім. Бұл әдісте уыты жоғары ешқандай дәрі-дәрмек қолданылмайды. Ота барысында эхинококктың дернәсілдерінің ізі де қалмайды. Әдіс патенттелді. Бастапқыда жаңа тәсілмен 39 науқасқа ота жасалды. Сонымен қатар, Өзбекстанда осы тәсілмен оталар жасалып жүрді. Бүгінгі күнге дейін Шымкентте қолданылады. Ал негізінде патентті Грекия сатып алған болатын. Қатерлі ісік дертін емдеуде де бұл әдісті қолдануға болады деп ойлаймын.
– Облысымыз екі жыл қатарынан онкологиялық дерттерге сырқаттанушылық бойынша Шығыс Қазақстан облысын артта қалдырып, көшбастап келеді. Оның себебі неде деп ойлайсыз?
– Алдымен ол халық санының төмендеуіне байланысты. Жастар көшуде. Қалыпты жағдайда тұрғындардың 7 пайызын егде тартқан адамдар құруы тиіс. Ал біздің облысымызда қартайған адамдардың саны 15 пайызға жетіп қалды. Бұл дертпен көбінесе 60-тан асқан адамдар сырқаттанады.
– Ал өлім-жітім ше?
– Өлім-жітім бойынша облысымыз төртінші орында. Шығыс Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарынан кейін біз тұрмыз. Соңғы бес жылдың ішінде өлім-жітім 100 адамға шаққанда 2,3 пайызға кеміген. Ауру-сырқаулық 18 пайызға артқан. Себебі, онкологиялық ауруларды ерте кезде анықтау жағдайлары жиіледі. Бұл – скринингтік тексерістердің жемісі. Емхана қызметкерлерінің еңбегінің арқасы. Соңғы бес жылдың көрсеткіштеріне сүйенер болсақ, ерте деңгейде анықтау 19,3 пайызға өскен. Ауруы асқынған кезде келген науқастардың саны 7,1 пайызға төмендеген. Өзіңіз білесіз, егер қатерлі ісікті бірінші деңгейде анықтаса, ол емге көнеді.
– Елімізде қатерлі ісік дертінің қандай түрлері көп кездеседі?
– Бірінші орында өкпе, содан кейін сүт безі болса, үшінші орында терінің обыры. Асқазан қатерлі ісігі төртінші орында. Облысымызда, әсіресе, өкпе мен асқазанның обыры көп кездеседі. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында қорғасын өндіретін зауыт болған соң онда тері қатерлі ісігіне шалдығатындардың қатары қалың.
– Өзге облыстардағыдай өңірімізде химиялық заттарды өндіретін зауыттар жоқ. Табиғаты жанға жайлы. Ауасы да таза. Соған қарамастан облыс тұрғындары республика бойынша қатерлі ісікке жиі шалдығады. Халық бұл дертке шалдыққан науқастардың күрт өсуін экологиялық жағдайдың қолайсыздығынан деп топшылайды.
– Облысымыздағы онкологиялық аурулардың пайда болу себебін анықтау мақсатымен Алматы қаласындағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты ғалымдарынан құралған комиссия келді. Зерттеу жұмыстарын Денсаулық сақтау министрлігі қаржыландырды. Үш жыл бойы ғалымдар өңіріміздің тау мен тасын шарлап, өзен-көлдерінен, кен орындарынан сынамалар алды. 4 тонна материал жиналды. Сынама Мәскеу мен Алматы қалаларының зерттеу институттарында жүргізілді. Алынған материалдар тышқандарда сыналды. Нәтижесінде, облыс экологиясының обыр ауруының таралуына еш қатысы жоқтығы дәлелденді.
Осыдан 56 жыл бұрын диспансер ескі ғимаратта орналасқан болатын. 1997 жылы бұрынғы 1-ші қалалық аурухананың ғимараты берілді. Науқастар саны жылдан-жылға көбейді. Кереуеттер саны шектеулі. Ғимарат тар болды. Облыстық әкімдіктің қолдауымен 2004 жылы бұрынғы 1-ші аурухананың инфекциялық корпусына қайта жөндеу жасалды. Арнайы радиологиялық корпустың ғимараты салынды. Қазіргі таңда науқастар үшін ыңғайлы етіп жасалған екі және үш қабатты ғимаратта онкохирургиялық, маммолог-гинекологиялық, торакалды, химиотерапевтік, сәулелендіру бөлімдері және емхана орналасқан. Қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Мемлекет тарапынан онкологиялық ауруларды алдын алу мен емдеуге үлкен көңіл бөлінді. Дәрі-дәрмектер сонау АҚШ пен Германиядан алынады. Науқастарға олар тегін беріледі. Елімізде қатерлі ісік дертін емдеу жүйесі Германияның тәжірибесіне сүйеніп жасалды. Өткен жылы тұңғыш рет біздің облыста қылтамақ обырын емдеуде жаңа тәсіл қолданылды. Жоғары технологиялы оталар жасалуда. Жуырда ғана Женева қаласында өткен сайыс нәтижесі бойынша Қазақстан атынан “Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін” аталымында диспансер “Еуропалық сапа Гран приінің” лауреаты атанды. Сондай-ақ, 2008 жылдың қорытындысы бойынша халыққа жоғары дәрежелі онкологиялық көмек көрсеткені үшін аурухана Қазақстанда бірінші орынға ие болды. Бүгінгі таңда қанатын кеңінен жайған емдеу мекемесі заман талабына сай деуге болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.