Елбасының әр Жолдауы ел экономикасының әрі қарай дамуына және халықтың тұрмысын жақсартуға жолданған стратегиялық құжат болып табылады. Мемлекет басшысы ұсынған “Стратегия – 2050” бағдарламалық құжатында да аса маңызды міндеттер белгіленген, алдағы мақсаттарға жетудің нақты бағыт-бағдарлары берілген. Президент ұсынған басымдықтар әр қазақстандықтың болашаққа артқан үмітіне жауап береді, ел азаматтарының алдынан жаңа мүмкіндіктер ашады. Сондықтан әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылу жолындағы міндеттерді шешу үшін бар біліміміз бен іскерлігімізді салуымыз қажет. Елбасының еңбекақы, стипендия, жәрдемақы көлемін ұлғайту, бизнес жүргізудегі жеңілдіктер, бюрократиялық үрдістерді қысқарту және мүмкіндіктері шектеулі адамдарды қолдау төңірегіндегі мәселелерді көтеруі баршаны қуанышқа бөлеп отыр.
Көптеген мәселелердің шешілуі аудан бюджетіне және оның орындалуына тәуелді. Өткен жылы біздің аудан бойынша салық және басқа да міндетті төлемдердің түсуі 1,7 миллиард теңгені құрады. 2014 жылға арналған аудан бюджеті 4,8 миллиард теңгені құрайды. Үстіміздегі жылы “Жұмыспен қамту – 2020”, “Ақбұлақ”, “Қолжетімді тұрғын үй” сынды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жалғасатын болады. Тайынша қаласы шағын қалаларды дамыту бағдарламасына енгізілді, ендігі кезекте қаланың даму үрдісі артатыны сөзсіз. Осыған орай атқарылатын жұмыс бағыттары анықталуда. Елбасы агроөнеркәсіп кешенін инновациялық жолға көшірудің маңыздылығын атап айтты. Ауыл шаруашылығының тиімді дамуы аграрлық аймақтар үшін маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз өсімдік шаруашылығындағы тиімділігі аз дақылдарды өсіру көлемін қысқартып, оларды көкөніс және майлы дақылдармен ауыстыруымыз керек. Осыған орай ауданда майлы дақылдарды өсіруді 7 пайызға, ал азық-түлік дақылдарын өсіруді 28 пайызға арттыру көзделіп отыр.
Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын ірі елге айналуы қажет. Біздің ауданда мал шаруашылығымен айналысатын 55 ауыл шаруашылық құрылымы бар. Өткен жылы “Сыбаға” бағдарламасы аясында 48,6 млн. теңгеге 235 бас ірі қара алуға мүмкіндік берілді. “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша 27,5 млн. теңге несие беріліп, оған 102 бас ірі қара сатып алынды. Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру бағдарламасы шеңберінде 3900 бас ірі қара сатып алынды. Үстіміздегі жылы ірі қара сатып алу, сүт фермаларын құру, сүт және ет мал шаруашылығын жетілдіру және мал бордақылау алаңдарын салуды одан әрі жалғастырамыз. Жолдауда шағын және орта бизнесті қолдауға ерекше назар аударылды. Ауданда 1555 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. 43 ірі кәсіпорын және халыққа қызмет көрсету саласында 500 кәсіпорын бар. Өткен жылғы бөлшек сауда тауар айналымы 7,8 млрд. теңгені құрады. Үстіміздегі жылы Тайынша қаласында қуаттылығы 2000 өнімді құрайтын болат құю цехын іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, “Көкше Техстрой” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде диаметрі 800 мм. дейінгі полиэтилен құбырын шығаратын үшінші желі іске қосылмақ. Тұрғын үй құрылысы да қарқынды дамуда. Өткен жылы “Қолжетімді тұрғын үй” бағдарламасы бойынша жас отбасыларға 24 пәтерлік үй және жалгерлік-коммуналдық тұрғыдағы 50 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Тағы бір 50 пәтерлік үйдің құрылысы басталды. Сол сияқты “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы бойынша ауылдық округтердің 19 елді мекенінде 28,9 млн. теңгеге ауылішілік жолдарды ағымдық және шұңқырлық жөндеу жұмыстары жасалды. Осы жылы 1,2 млрд. теңгеге облыстық маңызы бар төрт жолға жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Аудандағы 17 ауылды орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етуді көздейтін “Ақбұлақ” бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыс жалғасуда.
ХХІ ғасырдағы еліміздің дамуы белсенді, білімді және сауатты азаматтарға тікелей байланысты. Елбасы Жолдауында білім беру саласына қатысты нақты міндеттер қойылды. Білім беру саласын қаржыландыру жылдан-жылға ұлғайып келеді, ол өткен жылы 2,6 млрд. теңгені немесе аудан бюджетінің 64,7 пайызын құрады. Ауданда жалпы білім беретін 67 мектеп бар, мектептердің жанында 10 интернат жұмыс істейді. Алабота орта мектебінің негізінде “Назарбаев Зияткерлік мектептерінің” білім беру әдісін енгізу бойынша Ақжар, Уәлиханов, Тайынша аудандары үшін аймақтық орталық құру жоспарланып отыр. Ауданда “Балапан” бағдарламасы аясында 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеу қолға алынған, мектепке дейінгі білім берумен қамтылу 100 пайызды құрайды. Оқу орындарының тапшылығын жою және барлық мектептерді екі ауысымда оқытуға көшіру де аса маңызды міндеттер қатарында. 2015 жылы аудан орталығында мемлекеттік тілде оқытатын орта мектеп құрылысы басталмақ.
Барлық қазақстандықтарды біріктіретін құндылықтардың бастысы – ұлтаралық бірлік пен бейбітшілікті сақтау. “Мәңгілік Ел” қағидасының басты міндеттерінің бірі жастар арасында отансүйгіштік, заңға деген құрмет, ұлтаралық келісім сезімдерін тәрбиелеу болып табылады. Осы құндылықтардың арқасында біз жеңістерге жетіп, еліміздің іргесін бекітіп, жетістіктерімізді көбейтеміз. Ауданымыз өзінің көпұлттылығымен ерекшеленеді.
Бүгінгі таңда экономикалық және әлеуметтік саланың үдемелі дамуын қамтамасыз етеміз. Алда кездесетін қиыншылық атаулыдан қорқуға болмайды, өйткені, еліміздің әлеуеті жоғары. Сондықтан өз жұмыс орындарымызда жұмыла жұмысқа кірісуіміз қажет. Тайыншалықтар да Елбасы қойған міндеттерді мүлтіксіз орындау жолында бар күш-жігерін жұмсайтынына сенімдімін.
Серік САЛТЫҚОВ,
Тайынша ауданының әкімі.