“Мен 2 бөлмелі пәтерімді үйленбей тұрып сатып алған едім. Бүгінгі күні зайыбыммен дәм-тұзым жараспай, ажырасқалы жатырмын. Менің меншігімдегі үй ортақ мүлік болып табыла ма?”.
Арман.
Қызылжар ауданы.
Оқырман сауалына Петропавл қаласының жеке нотариусы Екатерина Рубе жауап береді.
– Ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған барлық мүліктері мүліктің кімнің алғанына және кімнің есебінен алынғанына, жасалғанына, кімнің атына рәсімделгеніне қарамастан, олардың бірлескен меншіктеріне жатады. Некеге тұрғанға дейінгі оларға тиесілі және де сыйға алынған немесе некеде тұрған кезде ерлі-зайыптылардың бірі мұрагерлікке алған мүлік ерлізайыптылардың ортақ мүлкіне жатпайды. Мұндай мүлік, заңда көрсетілгендей, олардың бөлек меншігі.
Ерлі-зайыптылардың әрқайсысының мүлкі, егер некеде тұрған кезде ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі есебінен немесе басқа жұбайының жеке мүлкінен бұл мүліктің құнын әлдеқайда өсіретін салымдар жүргізілген болса (күрделі жөндеу, қайта құру, қайта жабдықтау және т.б.) бірлескен меншік деп тануға болады. Жеке қолданыстағы заттар бірлескен меншікке жатпайды (киім, аяқкиім және т.б.). Алайда, ерлі-зайыптылардың некеде тұрған уақытта ортақ қаржысына алынған бағалы заттар және басқа да қымбат бұйымдар олардың бірлескен меншігі болып танылады (“Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” кодекстің 35-б. 1-т. 3-т.).
Ерлі-зайыптылардың бірі ортақ мүлікке мәміле жасайтын болса, онда жұбайының немесе зайыбының келісімімен әрекет етуге тиістігі заңда көзделген. Мұндай мүлікке қатысты отбасылық жұптың бірі жасаған мәміле, екінші тараптың талап етуі бойынша келіспейтіні белгілі болса, сот жарамсыз деп тани алады (“Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” кодекстің 32-б. 2-т.).
Неке шартымен қатар мүлікке иелікті реттейтін “отбасылық шарттар” қатарына, ортақ мүліктегі үлесті анықтау және бірлесіп жиналған мүлікті бөлу туралы келісім жатады. Бірақ алдымен неке шарты және берілген келісімдер арасындағы айырмашылықтардың ара жігін ажыратып алған жөн.
Біріншіден, неке шартын – ерлі-зайыптылар немесе некеге тұрғалы жатқан тұлғалар, ал келісімді ерлі-зайыптылар немесе бұрынғы отбасылық жұп жасай алады. Екіншіден, неке шарты жалпы ортақ үлесті немесе бөлек меншік тәртібін белгілейді. Бұған қоса, неке шарты ерлі-зайыптылардың мүліктік қана емес, мүліктік емес қатынастарын да реттейді. Үшіншіден, қолма-қол мүлік және соңында ерлі-зайыптылардың алатын мүлкі неке шартының заты бола алады. Үлесті анықтау немесе бөлу туралы келісім тек қана жиналған, қолдағы бар мүлікке қатысты мүліктік құқықты анықтайды.
Үлесті анықтау туралы келісім нотариус беретін ортақ мүліктегі үлеске меншік құқығы туралы куәлікпен ресімделеді. Ерлі-зайыптылар ортақ мүліктегі үлесті анықтау туралы келісім куәлігін жазбаша өтініш беру арқылы ғана ала алады. Меншік құқығы туралы куәлік некенің бұзылуына орай, сонымен қатар ерлі-зайыптылар арасында дау тумаған жағдайда да беріледі. Кей кезде ерлі-зайыптылар бірге өмір сүрген кезде алынған ортақ мүлікке өз үлесін анықтағысы, ал соңынан оны өз қалауы бойынша басқарғысы келеді. Мұндай қажеттілік бірінің немесе екеуінің де бірінші некеден балалары болған және ерлізайыптылардың әрқайсысы ортақ мүліктегі өз үлесін өз балаларына өсиет етуді немесе сыйға беруді қалаған жағдайда туындайды. Сонымен қатар, ортақ мүліктегі үлес ерлі-зайыптылардың бірінің қарызын өтеу үшін де анықталуы мүмкін.
Келісім негізінде берілетін куәліктер нақты мүліктің өзіне емес, меншіктегі үлеске құқығын ғана растайды. Берілген келісіммен ерлі-зайыптылардың барлық мүлкіне түгелдей және де жеке нысандарға ортақ үлестік меншік тәртібін белгілеуге болады, мысалы, тұрғын үйге, пәтерге, саяжайға, саяжай үйіне және т.б. Ереже бойынша ерлі-зайыптылар бөлу туралы шарт жолымен бөлек меншік орната алмайтын ірі мүлік келісім заты болып табылады.
Егер ерлі-зайыптылар немесе бұрынғы әйелі мен күйеуі белгілі бір мүлікті бекіткілері келсе, онда оларға ортақ мүлікті бөлу туралы келісім жасау қажет.
“Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” кодекстің 37-б. 2-т. сәйкес ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу туралы келісім нотариалды куәландырылған болуы тиіс. Бөлу туралы келісімнің басты шарты олардың ортақ мүлкі құрамына кіретін, ерлі-зайыптылардың әрқайсысы бекіткен нақты заттары болып келеді.
Ерлі-зайыптылар некеде тұрған және оны бұзған кезде де ортақ бірлескен меншікте бола тұра мүлікті бөле алады. Сонымен қатар, неке бұзылғаннан кейін мүлікті бөлу туралы келісім жасаудың мерзімі шектелмеген.